Ақтөбеде ондаған тұрғын 3 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде ондаған тұрғын 3 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүр

29.03.2021

«Ақша салдық, далада қалдық!» Ақтөбеде несиелік серіктестікке алданған ондаған адам 3 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүр. Екі-үш айдың ішінде мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы боласыңдар деген компанияның уәдесіне иланған жұрт, серіктестік шотына миллиондап қаржы салған. Қазір құзырлы орындарды жағалап жүрген тек 17 адамның 35 миллионнан аса алажағы бар.

 Жанат Есниязова, серіктестік басшысы:
Біздер заңмен жұмыс істейміз. Бізде де бас біреу.

Серіктестік басшысы екі жыл бұрын осылай сұхбат берген еді. Ол кезде де салымшылар арызданған. Бірақ, әлі күнге жағдай өзгерген жоқ.

Жарнамасы жер жарған компания келісім бойынша пәтер құнының 30 пайызын төлеген адамға екі ай ішінде баспана береміз деп уәде еткен.

Манарбек Сиықов, қала тұрғыны:
2018-де «CAPITAL TO LIFE-қа» қаңтар айында ақша салдық. 1 млн 200 мың теңге.  Енді бүкіл армандарымыз, бәрі еш кетті.

Ашынған салымшылар бүгін экономикалық сотқа келді. Алайда, оларды ешкім қабылдаған жоқ. Серіктестіктің қызметін тоқтату туралы шешім шыққан, сондықтан салымшылар ақшаны ала алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Қайтпаған қаржының кесірінен кейбірі отбасылық қиындықтарға тап болған.

Жібек Иманғазина, қала тұрғыны:
Қандыағаш қаласынан бір азаматымыз 3 млн ақша салып, отбасымен жанжалдасып, осылай ала алмаған соң ақыр соңында өз өзіне қол жұмсап, қайтыс болды.

Амалы таусылған салымшылар облыстық прокуратураға да барды. Мұндағылар істің қайта қаралып,сотқа жіберіліп жатқанын айтты.

Баян Әлішева, облыс прокурорының аға көмекшісі:
Қылмыстық істің және айыптау қорытындысының заңдылығын тексеріп, бүгін қылмыстық іс сотқа жолданады.

Салымшыларға сот орындаушылар арқылы айына 5-10 мың теңгеден ғана қайтарылып жатқан көрінеді. Мұндай қарқынмен бар ақшамызды өміріміздің соңына дейін күтеміз бе деп ашынады. Енді бұл істің нүктесін сот қоюы тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу