Жігерген ауылы әжелердің қайырымды ісінің арқасында пандемияға қарсы тұра білді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жігерген ауылы әжелердің қайырымды ісінің арқасында пандемияға қарсы тұра білді

30.03.2021

Түркістан облысындағы Жігерген ауылы әжелердің қайырымды ісінің арқасында әлемді жайлаған пандемияға қарсы тұра білді. Ортақ іске күш біріктірген кейуаналар өз ақшаларына мата мен ине-жіп алып, мыңнан аса медициналық бетперде тігіп таратты. Онымен қоймай зейнетақыларынан дәрі-дәрмек сатып алып, балалардың да дертке шалдықпауына жағдай жасады. Жыл бойына осындай қайырлы істер атқарған әжелермен әріптесім Ғани Қалмахан жүздесіп келді.

Әжелер былтыр бір ай бел жазған жоқ. Күні бойы шұқшиып тігіс тікті. Жайшылықтағы тізенің ауыруы мен белдің шойырылғанын, көздің жасаурайтынын да елең қылмады. Дәкеден қабаттап тұрып тігілген маскаларды еріктілермен қосылып өздері де таратуға көмектесті. Оның мұқтаж болып отырған отбасыларға тегіс жетуін қадағалады. Әжелердің осындай мейірімнің арқасында ауылда дерті дендеп, аурудан айыға алмағандар қатары тым сирек болды.

Сайлаукүл Құдайбергенова, ауыл тұрғыны:
Азаннан кешке дейін өзіміз сағат 10-да барсақ кешкі сағат 5-ке дейін бір үйде, бірнеше апталап тіктік. Бір-екі күн емес, айлап тіктік.

 Әжелер маска тігіп қана қойған жоқ, «Жомарт жүрек» атты акция өткізіп, дәрігерлер мен демеушілерге қолдау білдірді. Оларды марапаттады, істерін үлгі етті. Бұл тірлікпен қабат оқушылар арасында онлайн оқу байқауларын ұйымдастырды.

Баян Ашықбаева, әжелер алқасының төрайымы:
Тағы бір үлкен шарамыз «Жандауа» деген акция өткіздік. Акцияда медициналық қобдишаларды мектеп оқушыларына тараттық сабақ басталған кезде. Осы істің арқасында ешкім ауырған жоқ.

Жыл бойына елдің еңсесін түсіріп, тыныс-тіршілігімізді тарылтқан індеттен арылайық деген ырыммен әжелер ауылдың шетіндегі саябаққа ағаш отырғызды.

Жанат Әбдиева, ауыл тұрғыны:
Халық еңсесін көтерсін, еңсесін тіктесін. Мұндай ауыртпалық енді келмесін деп үлкен бір тілек, тілеумен әжелер қауымы осындай игі іс бастап жатырмыз.

Әжелер тігіс тігуді әлі де тоқтатқан жоқ. Былтырғыдай маска емес, құрақ көрпе, жастықтың тысы мен қыз жасауына қосар бұйымдар тігуде. Ондағысы ұлтық қолөнерді дәріптеп, ұрпаққа үйрету.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу