Баянауылдағы тау шаңғы кешені мен әуежай қаңырап бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баянауылдағы тау шаңғы кешені мен әуежай қаңырап бос тұр

30.03.2021

Павлодар облысында қазынаның миллиондаған қаржысына салынған Баянауылдағы Мырзашоқы тау шаңғы кешені мен әуежай қаңырап бос тұр. Халық игілігі үшін деген ұранмен салынып, ақыры аяқсыз қалған бұндай жобалар өңірде ондап саналады. Бір қызығы мемлекет қаржысына салынған нысандар бастапқыда кәсіпкерлердің сенімді басқаруына беріліп, кейін тиын-тебенге жекеменшікке өтіп кетуде.

Жеке кәсіпкерден Баянауыл әуежайының тек ғимаратын сатып алу үшн бюджеттің 240 млн теңгесі жұмсалды. Сырты қоршалып, 1200 метрлік ұшу алаңы жасалды. Оған кеткен қаржы тағы бар. Бірақ бұл жерден ұшақтардың әуеге көтерілуі аса қауіпті екен. Мемлекеттік комиссия тыйым салды. Құзырлы мекемеден рұқсат алмай, бюджет қаржысын далаға шашқан аудан әкімі сотталды. Ал, қазіргі басшылық ипподром ашуға бел буған.

Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданының әкімі: 
Обал ғой енді. Демеушіні таптық. Ол дайын. Ат үстіне мінуге үйретеміз.
Қымызхана ашады, қымыз жасайтын жер болады ма?
Жалпы, ұлттық ат ойындарының орталығы болады.

Осылайша жер жәннәті Баянауылға жұрт ұшақпен келсе, туризм түлейді деген идея құр қиял күйінде қалды. Қысқы спортты қаржыландырып, туристер санын көбейтуге арналған жобада нәтиже бермеді.

Болат Аманбаев тілші: 
Мырзашоқыдағы тау шаңғы кешені. 300 млн теңгеден астам қаржы бөлініп салынған нысан қыс бойы жұмыс істемеген. Себебі, мына тау бөктеріне қар тоқтамайды. Сәл жел тұрса болды, үрлеп кетеді.

Ағаш түгіл тікенек өспейтін болғандықтан бұл аумақ ел аузында «Тақыр тау» атанып кеткен. Боранды күндері ықтасын жерге ғана қар үйріледі. Соны пайдаланып сырғанақ салғандар омақаса құлаған.

Аманкелді Мақаров, Мырзашоқы тау шаңғы кешенініңжауапты қызметкері: 
Жалпы, бұл жерде қар жоқ. Және астында топырақта ұсақ-ұсақ тастар бар. Бұл инвентардың бәрін құртады. Ұсақ тас бірденеге тіреліп қалса, онда адам құлайды, жарақат алады. Биыл ашылған жоқ енді.

Нысанды сенімгерлік басқаруына алған кәсіпкер енді қып қызыл шығынға батып отыр. Ол жасанды қар төсейтін техника сатып алған. Бірақ Тақыр таудың табанынан тамшы су шықпады.

Нұрлан Есембаев, облыстық спорт және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары: 
Мырзашоқы жобасы тоқтап тұр. Оны алған кәсіпкер жасанды қар жасайын деп төңіректен құдық қазған. Су шықпай қойды. 2022 жылы бюджет бекітсе су құбырын тартатын болған.

Яғни, екі шақырым жердегі Қаражар ауылынан су тарту керек. Бірақ кәсіпкерде күдік бар. Жентектеліп жасалатын мұз қабыршағын жел үрлеп кетпесіне кім кепіл-дейді. Себебі, тау бедеріне қар тоқтату үшін қойған қалқандарды қатты жел ұшырып әкеткен.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу