Ақтөбе қаласындағы зиянды қалдықтар көлемі 40 пайызға азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласындағы зиянды қалдықтар көлемі 40 пайызға азаяды

30.03.2021

Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа зауытынан шығатын зиянды қалдықтардың көлемін 2023-ші жылға дейін 40 пайызға азайту көзделіп отыр. Бұл жөнінде өңірге арнайы барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді. Жалпы «Қазхром» компаниясы былтыр экологиялық шараларға 11,5 млрд теңге бөлді. Оның7 млрд-ы Ақтөбе облысына бағытталған. Министр хром ұнтағы қалдықтарын жою мәселесін де шешуді тапсырды. Зиянды қалдықтар бұған дейін қала шетіндегі 6 өндіріс алаңына негізсіз төгіліп келген.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 
Бұл зауыт арнайы фильтрлер қоямыз деп жатыр бірінші және екінші цехтерге. Бұл цехтер 60-сыншы жылдары салынған цехтер. Сол жұмыстар аясында 40 пайызға дейін ластану көлемі азаятын болады.

Ақтөбе хром қосындылары зауытында жаңа технологияларды қолданудың нәтижесінде былтыр зиянды қалдық көлемі 1,4 есеге азайған. Ведомство жетекшісі облыс орталығында кәріз суларын тазарту қондырғысы орналасатын ғимарат салу мәселесін қарастыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, өңір басшылығы экологтардың қатысуымен өткен жиында жаңа экологиялық кодекс түсіндірілді.


Хабарламаларға жазылу