Машина құрастыру саласы - экономиканың негізгі драйвері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Машина құрастыру саласы - экономиканың негізгі драйвері

30.03.2021

Тәуелсіздік алғалы жеткен жетістікеріміздің елеулі бөлігі машина құрастыру саласына тиесілі. Қазір бұл сала Қазақстан экономикасының негізгі секторларының бірі. Мұндай көрсеткішке жету үшін салаға тәуелсіздік жылдары үлкен басымдық берілді. Машина құрастырушылардың отыз жылдағы дамуы туралы Оңғар Алпысбайұлы айтсын.

90-жылдардың басында машина құрастыру саласы құрдымға кетудің сәл ақ алдында тұрды. Өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі 15 пайыз шамасында болды. Ал ғасыр соңында бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін төмендеп кетті. Халыққа өзгенің қаңсығын таңсық қылмау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды, шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстары жүргізілді.

Нұржан Исахмет, қораптарды бояу цехының шебері:
90-шы жылдары тәуелсіздік алғанда мына зауытта өте қиын жағдайлар болған. Сол кезде Елбасымыз келіп, қолдауын тигізіп, біздің келешекте болашағымыз жарқын болатынына сенім білдіріп кеткен. Соған мінекей қазіргі кезде көзіміз жетіп жатыр. Зауытымыз алдыңғы сатыда.

Ілгерілеу тек 2000 жылдардан ғана басталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саланы дамытуға ерекше назар аударды. Нәтижесінде қазір елімізде 7 ірі автомобиль құрастыру зауыты бар.

Соңғы бір жылда дағдарысқа қарамастан машина жасау өндірісі 16 пайызға артты. Ал жеңіл автокөлік жасау 50 пайызға өсті. Қазақстанда жасалған белгісімен 70 мыңнан астам автокөлік құрастырылды. Басқа да көлік құралдарын шығару 73 пайызға өсті.

Қазір қазақстандықтардың да отандық көліктерге деген сенімі артты. Оған статистика дәлел. Елімізде сатылатын автомобильдердің 60%-ы ел зауыттарында шығарылған. Ал отандық көлікті қиындықсыз алу үшін 2015 жылдан бастап жеңілдетілген несие беріліп келеді.

Ербол Сейпілов, Қазақстан автокәсіпкерлік қауымдастығының техникалық реттеу директоры: 
 2015-2020 жылдары мемлекет тарапынан 82 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатты тиімді пайдаланып, қазіргі таңда 26 мыңнан астам өтініш қабылданған. Жылына 7 мыңнан астам тапсырыс беріледі осы тиімді несиемен көмек алуға.

Қазір көліктерге қажетті бөлшектерді қазақстанда шығару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның машина жасау кәсіпорындары өнімдерін Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстанға экспортқа шығарып отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу