Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті

31.03.2021

Түркі өркениетін жаңғырту - Түркістанды әлемге танытудан басталуы тиіс. Президент Қасым Жомарт Тоқаев кеңеске мүше елдерді осыған шақырды. Бүгін түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Оған Елбасы мен 7 елдің президенттері қатысты.

Бейресми саммит. Әуелде Түркістанда өтуі тиіс еді. Пандемия кесірінен жиын онлайн форматқа ауысты. Дегенмен, отырыстың басты тақырыбы – Түркістан. Кездейсоқ емес. Соңғы жылдары түгел түркі жұртына ортақ шежірелі шаһар түрленіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғырту үшін Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды.

Түркістан шаһары 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығынан кейін жаңа тыныс алды. Құрметті төраға ретінде Елбасы жиында бірнеше ұсыныс айтып, маңызды мәселелерді көтерді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:
Түркі тілдес елдердің болашағы жөніндегі құжатты әзірлеу керек. Түркиядағы саммите оны қабылдау керек. Баку саммитінде осы ұйымның құқықтық мәртебесін көтеру жөнінде айттым. 

Латын әліпбиін қолдану ағайын елдер арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, ортақ жүйемен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Назарбаев бұны тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ пандемияның зардабын бірге еңсеріп, ортақ жұмыс атқару қажеттігін айтты.

Түркі әлеміндегі даулы нүкте – Қарабах еді. Жақында Әзірбайжан тарихи жеңісіне қол жеткізіп, жерін қайтарып алды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Енді осы арқылы Түркия мен Әзірбайжан арасында шекарасыз теміржол бағыты жанданбақ. Бұл түркі жұрты арасында сауда-саттықты арттыруға мүмкіндік бермек.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған түркі кеңесін халықаралық ұйымға айналдыру уақыты келгенін айтты. Ал Венгрия өз елшілігін Түркістан қаласында ашатынын жеткізді. Өзбек басшысы Шавкат Мирзиеев кеңес елдерінің даму банкін құруды ұсынды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Көлік-транзит әлеуетімізді дамытудың маңыздылығы артып келеді. Оған өңіріміздің барлық мүмкіндігі де,әлеуеті де бар. Яғни, Орталық Азия арқылы Қытай, Үндістан, Пәкістан сынды әлемдік нарыққа шығар жол ашуымыз қажет. Ал Әзірбайжан мен Түркия арқылы Еуропа елдеріне шыға алар едік. Ал бұл инфрақұрылымдық жобаларды қажет етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен бірлесе күресуге шақырды. Денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселелеріне ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Індет салдарынан өзара сауда азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен түркі кеңесі елдері арасындағы көлемі былтыр 7 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан біздің елдер үшін алыс-берісті дамыту басты міндет.

Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық, сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Осыны ескере отырып Президент түркі елдерінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынды. Су энергетика саласы – ортақ байланыстың ажырамас бөлігі. Өйткені, су мәселесі – аймақтағы күрделі проблема. Мемлекет басшысы гидроқұрылымдар салуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Пандемия технологияның қаншалықты керек екенін көрсетті. Жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, интернет сауда сияқты салаларды жүзеге асыруға шақырамын. Мұның инновацияларды арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Тәжірибе алмасуға дайынбыз.

Президент сонымен қатар, түркі инвестиция интеграциялық форум құру жұмыстарын тездету керектігін айтты. Бұл елдер арасындағы ортақ қаржы институты. Бұл түркі елдеріне инвестиция тартатын ерекше құрылым болмақ. Білім беру саласы, мәдени-ағартушылық кеңістікті қалыптастырған абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақ-түрік унивесритетінен 50 грант бөлуге дайынбыз. Гуманитарлық ықпалдастық. Археологиялық ғылыми жұмыстар.

Жалпы Түркі кеңесі 2009 жылы Әзірбайжандағы саммитте Елбасы бастамасымен құрылған болатын. Бастапқыда 4 кейін бестік боп бекіді. Ұйымға Өзбекстан қосылып, Мажарастан бақылаушы мәртебесін алды. Ұйым туыс елдерді топтастырып, ортақ мәдени-рухани жобаларға бастамашы болып келеді. Бүгінгі жиын соңында қорытынды декларация қабылданды. Кеңестің 8-інші отырысы осы жылдың қарашасында Ыстамбұлда өтетін болды.

Асима Нұрбайқызы, Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу