ШҚО-да короновирусқа қарсы екпе алғандар саны көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да короновирусқа қарсы екпе алғандар саны көбейіп келеді

01.04.2021

Шығыс Қазақстанда короновирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Бүгінге дейін аймақта 8,5 мың адам қауіпті індетке қарсы екпе алып үлгерген. Олардың ішінде 7 мыңнан астамы дәрігерлер болса, қалғандары мұғалімдер мен күштік құрылым өкілдері. Олардың қатарында қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері де бар. Облыстық департаментке қарайтын 11 мекеме және барлық пробациялық қызмет өкілдері өз еріктерімен екпе алып жатыр. Себебі, вакцианция ең алдымен ұжымдық иммунитетке жету үшін қажет. Өңірдің қылмыстық-атқару жүйесінде бір мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың көбі короновирус инфекциясының таралуын тежеудің бірден бір жолы - вакцинациялау деген пікірде. 

Бақытжан Ниязбеков, ОВ 156/2 мекемесі бастығының орынбасары:
COVID-19 ауруының алдын алу мақсатында өзіміз екпе алу жөнінде қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгін басшылық құрамнан өзім бастап келіп осы екпені қабылдадым. Жағдайым жақсы. Алдағы уақытта да осы екпені қабылдауға кеңес беремін.

Коронавирусқа қарсы екпе егу ісі басталғалы Шымкентке «Спутник V» вакцинасының алғашқы компонентінің 7 мың 400 дозасы және ревакцинация үшін 5 мың 800 дозасы жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың айтуынша екпе алған азаматтардың ешбірінде вакцинаның кері әсері мен жайсыздық болмаған. Сондай-ақ, вирустың өзгеріске ұшыраған түрлері әзірге Шымкентте кездескен жоқ деді ол. Өткен тәулікте жұқпалы дерттің белгілері 47 азаматтан табылды. 

Берік Көшербай, Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу