Алматыда 15 мың маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі қаладағы 800 жекеменшік білім беру орталықтары жабылудың алдында тұр. Бұл нысандарда негізгі пәндерді қосымша оқытудан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балалар да дәріс алады. Былтырғы қатаң карантиннен кейін шаруасы енді жандана бастаған кәсіпкерлердің жұмысы қайта тоқтады. Бұған ата-аналар да наразы.
Жанар Ақбасова қашықтан оқу басталғалы баласының сабақ үлгерімі күрт төмендегінін айтады. Осыған алаңдаған ол ұлын білім беру орталығына әкелген.
Жанар Ақбасова, ата-ана:Алгебра, геометрия, физика, химия және ағылшын тілінен балам қатысып отырды. Екінші тоқсанның ортасында келді. Үшінші тоқсан келгенде өте жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Мұндай орталықтарда мүмкіндігі шектеулі балалар да оқиды. Олармен арнайы маман жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттік мекемелерде орын жетіспегендіктен, ата-аналар жекеменшік орталықтарға беруге мәжбүр.
Анна Мкртчян, ата-ана:Біз түзеу орталықтарына жиі барып, логопед мамандармен жұмыс істеуіміз қажет. Баламның туғаннан есту қабылетінде ақау бар. қазір барлық жер жабық. Енді тілі шығып келе жатыр еді. Не істерімді білмеймін.
Жекеменшік білім беру орталықтарында кемі бес адам еңбек етеді. Жұмыс істеуімізге мүмкіндік берілмесе, жабылудан басқа амалымыз жоқ дейді кәсіпкерлер.
Нұртай Әбдікәрім, жекеменшік білім беру орталығының басшысы:Біздің сұрайтынымыз басқа жалпы білім беру мектептеріне, мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту ұйымдары сияқты 15 бала емес 10 бала көлемінде жұмыс істеуге рұқсат берсін. Карантин талаптарын сақтаймыз.
Санитар дәрігерлер орталықтардың жабылуын коронавирустың өршуімен байланыстырады. әсіресе, балалар арасында вирус жұқтыру жиілеген. Соған қарамастан қайта ашуды қарастырып жатқандарын айтады.
Сәдуақас Байғабылов, қалалық Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:Мегополис «қызыл» аймаққа өтіп, індеттің өршуіне байланысты білім ордаларын жабу туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Қазір орталық жұмыстарын карантин талаптарын сақтай отырып, қайта іске қосу мәселесін қарастырып жатырмыз.
Ал кәсіпкерлерге әзірге карантин талаптарының жеңілдеуін күтуіне тура келеді. Қаладағы эпидахуал ушықса, мыңдаған адам жұмыссыз қалайын деп тұр.
Қуан Нұрақын