Астанада 2 жасар бала балабақшадан шығып кетіп, сырт киімсіз далада жылап қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 2 жасар бала балабақшадан шығып кетіп, сырт киімсіз далада жылап қалған

28.11.2018

Еліміздегі жеке балабақшалар бақылаусыз қалып, жүгенсіз кетті. Салдарынан балаларға салғырт қарайтын, тіпті, қол көтеруге дейін баратын тәрбиешілер жайлы жағымсыз хабарларды жиі еститін болдық. Елордада екі күн бұрын болған оқиға ата-аналарды тағы бір алаңдатып қойды. 2 жасар бала балабақшадан шығып кетіп, қақаған қыста сырт киімсіз далада жылап қалған.

Елордалықтарды елең еткізген оқиға ескі орталықтағы Сарыарқа-Абай көшелерінің қиылысындағы балабақшада болған. Бұл жерде күзет жоқ, балабақшаның есігі де құлыпталмаған. Емін-еркін кіруге болады.

Бізді қарсы алған қызметкер білгенімен бөлісті. Есік күнде құлыптаулы тұратынын алға тартты. «Тек сол күні екі жасар бала кірген-шыққан ата-аналардың бірінің артынан еріп кеткен болар», - дейді.

Ашылғанына үш-ақ ай болған балабақшаның жарнамасы жайнап тұр. Мұнда бала қауіпсіздігі де қарастырылғаны туралы жазылған. Алайда, екі күн бұрын қала тұрғыны бұған кереғар оқиғаның куәсі болды. Әлеуметтік желіде ол аязды күні жұқа күртешемен ғана жүрген балаға кезіккенін жазады. Нәрестеге жаны ашыған Әсем есімді келіншек оны сырт киіміне орап алып, осы балабақшада тәрбиеленетінін анықтаған. Әсем мен нәрестенің ата-анасы сұхбат беруден бас тартты. Сондықтан, оқиғаны балабақша басшысынан сұрап білдік.

Гүлнәз Жүнісова, «Intellectum Bala» балабақшасының директоры:

- Сұрыптап, бір тәрбиешіні кішкентай балалар тобына алдым. Ол кісі бірінші күн шықты. Тәрбиешінің салғырттығынан үш айдағы жұмысымыз жоққа шығып жатыр.

Далада қараусыз қалған бала жайлы қалалық Білім басқармасы да хабардар. Тіпті, бұл балабақша мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге де ниет білдірген екен.

Ләззат Разбекова, қалалық Білім басқармасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:

- Оларға мемлекеттік тапсырыс берілген жоқ. Сондықтан да, біз бұлардың жұмысына қадағалау, тексеру, я болмаса, сараптама жүргізген жоқпыз.

Міне, жекеменшік балабақшалардың жүгенсіз кетуінің себебі осында. Білім басқармасы тек мемлекеттік немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жұмыс істейтін балабақшаларды ғана тексере алады.

Ләззат Разбекова, қалалық Білім басқармасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:

- Анықталған кезде тыйым салу заңсыз болып есептеледі. Ары қарай бұл құрылтайшының жауапкершілігі.

Бақылау болмаған соң, қауіпсіздік ережелерін елемейтіндердің де еселенуі содан. Оған көзіміз жетті.

Альбина Әшім, тілші:

- Астананың Шұбар шағын ауданында жеке балабақшалар көп шоғырланған. Біз осымен үшінші балабақшаға келе жатырмыз. Қауіпсіздік ережелері қалай сақталғанын тексеріп көрейік.

Бұл мекеменің де қақпасы ашық қалған. Ауласында тірі жан жоқ. Сыртқы есік те айқара ашық. Бұл аудандағы әр екінші балабақшада осы көрініс. Жүгенсіз кеткен балабақшалардың жұмысын ретке келтірудің әзірге бір-ақ амал бар. Ереже бұзғандар бойынша құқыққорғау органдарына жүгіну. 2 жасар баласын балабақшаға сеніп тапсырып, опық жеген ата-ана осы жолды тағдаған екен.

Софья Қылышбекова, қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Бүгін полиция қызметкерлеріне арыз түсті. Сол арыз бойынша шара қолданылатын болады.

Қыстыгүні жұқа киіммен далада қалып қойған баланың қазір тамағы ісіп кеткен екен. Ал, балабақшаға қатысты қандай шара қолданылатыны тиісті сараптамалар аяқталған соң белгілі болады. 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу