Марқұмдардың үшеуі - Ақтөбе, екеуі Қызылорда облысының тұрғындары. Туыстары олардың мәйітін бүгін түстен кейін Орынбордан Ақтөбеге алып шыққан.
Жақсыбек Кемал, тілші:
5 адамның өмірін қиған жол апаты Ақтөбе-Орынбор бағытындағы мына жолдың бойында болған. Жеңіл көлік пен жүк көлігі Ресейдің Соль-Илецк қаласының маңында түйіскен. Ауа райының қолайсыздығынан олардың бірі қарсы бағытқа шығып кеткен.
Соққының қатты болғанын мына кадрлардан байқауға болады. Тіпті, жүк көлігінің кабинасы бөлініп қалған. Алайда, қаза тапқандардың бесеуі де - жеңіл көліктегілер. Рөлде 31 жастағы Құрашасай ауылының тұрғыны Серік Қуанов болыпты. Ол көлігімен адам тасумен айналысқан. Марқұмның артында үш баласы қалды.
Мирас Тәңірбергенов, мақұмның інісі:
- Ол өз жолымен келе жатқан адам. Қарсы бағытқа шыққан. Тайғақ болды. Ауа райының қолайсыздығынан.
Марқұм болған ақтөбелік екі әйел жеке кәсіппен айналысқан. Ресейден тауар әкелу үшін жолға шыққан беттері екен. Ал, қалған екеуі Қызылорда облысынан. Қаза тапқандардың туыстарына еліміздің консулдығы да көмек қолын созды. Жол апатынан тағы екі адам ауыр жарақат алып, Соль Илецк қаласының ауруханасына жеткізілген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оларды бірі Қырғызстан, екіншісі Ресей азаматы.
Қайрат Қасым, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-28 қараша күні, сағат 13:50-де бізге осы апат туралы ресейлік әріптестерімізден ақпарат түсті. Біз қаза тапқан тұрғындардың туыстарын екі сағат ішінде тауып, хабар бердік. Жедел штаб құрылды. Марқұмдардың денелерін әкелу кезінде жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қажетті құжаттар да кедергісіз жасалатын болады.
Жол апатына нақты не себеп болғаны және кімнің кінәлі екені тексеру аяқталған соң белгілі болады. Ал, қаза тапқандардың мәйіті Ақтөбеге жеткізіледі. Марқұм болған қызылордалық екі азаматтың денесін туыстары осы жақтан алып кетпек.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.