Алматыда соңғы тәулікте 611 адамнан коронавирус анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда соңғы тәулікте 611 адамнан коронавирус анықталды

05.04.2021

Алматыда соңғы тәулікте 611 адамнан коронавирус анықталды. Қаладағы инфекциялық стационарларда 3200-ден астам адам ем алып жатыр. Дегенмен қаланың бас санитар дәрігері кей шектеу шараларын жеңілдетті. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Қалада науқастар саны күн өткен сайын көбейіп барады. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында вирус жұқтырғандар көбейген. Ахуал ушыққанымен, бас санитардың соңғы қаулысына сәйкес шектеу жеңілдеді. Демалыста күшіне енген құжат бойынша, енді сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары ашық. Тек демалыс күндері жұмыс істемейді. Сондай-ақ жабық базарларға, фитнес, спа орталықтар, монша және жеке білім беру орталықтарына, қонақ үйлерге рұқсат берілді. Алайда жұмыс уақыты шектеулі. Боулинг орталықтары мен компьютер клубтары «Ashyq» қосымшасы бойынша, шаштараз, косметологиялық қызмет көрсету орындары мен сұлулық салондары алдын алу жазылу арқылы келушілерді қабылдай алады. Ал театр, концерт залдары сынды мәдени орындар, қала аралық автобустардың қызметіне әзірге рұқсат жоқ. Сондай-ақ Жандарбек Бекшин алматылықтарды алда келе жатқан Рамазан айында көпшілік шараларды ұйымдастырмауға шақырды. Себебі, өткен жылы ораза кезінде ауру жұқтыру көрсеткіші күрт көбейген.

Хабарламаларға жазылу