Қазақстанда 41 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 41 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылды

06.04.2021

Былтырдан бері үй кезегінде тұрған 41 мыңнан астам тұрғын тізімнен шығарылды. Тұрғын үй орталығының мамандары мұның бірнеше себебі бар десе, ұзақ жылдан бері баспанаға мұқтаж адамдар бұл шешіммен келіспейді. Мәжіліс депутаттары да үйлерді үлестіру жұмыстары әділетсіз деп отыр. 

Үй кезегінен шығып қалғандардың бірі - Мараш Қаюпова. 78 жастағы кейуананың барар жер, басар тауы жоқ. Үй жалдап тұрады, көзі дұрыс көрмейді. Екінші топтағы мүгедек 2007 жылы Үй кезегіне тұрған. Арада 11 жыл өткенде тізімде жоқ екенін білген.

Мараш Қаюпова, қала тұрғыны: 
Неге мені кезектен шығарады. Кезектен шығару туралы маған ақпарат бермейді. Қызы 98-жылдан тұрады, 2011 жылы қараша айында үй алған. 4 айдан кейін өзім барғанда ғана білдім.

Депутат Ерлік Өмірғали үй кезегін реттеу жұмыстары әділетсіз өтетінін айтып Үкімет басшысына сауал жолдаған. Оның сөзінше, заңсыз кезекке қою фактілері тыйылмай тұр. Былтырдан бері үйді кезексіз үлестірген 400-ден астам факті тіркелді. Бұл үйге мұқтаж адамдардың мүмкіндігін шектеуде - дейді депутат.

Ерлік Өмірғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Әрбір кезекте тұрған адам өз кезегінің жылжуын және басқаларға тұрғын үй бөлуді еркін бақылай алуы, кезек бұзылған жағдайда алаяқтықты анықтау үшін электрондық кезек тәртібін енгізуді ұсынамыз. Әкімдіктер берген әлеуметтік тұрғын үйге толық тексеру жүргізілсін.

Қазір елімізде 500 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Баспанаға зәру жандар тек мынадай себептермен ғана тізімнен шығуы мүмкін.

Арманай Оңғарбаева, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғын-үй орталығының баспасөз хатшысы:
Егер тұрғын үй кезегінде тұрып, азаматтың атында үй пайда болса, тұрақты мекенжайын ауыстыратын болса, үшіншіден өзінің санатын растай алмаса кезектен шығарылады.

Егер осы себептерсіз, кезектен шығып қалсаңыз сотқа шағымданып, қайта кезекке тұруға құқыңыз бар. Былтыр қала бойынша сотта 100-ге жуық іс қаралып, тең жартысы халық мүддесіне шешілген. Судьялардың сөзінше мамандар қателігі жиі кездеседі.

Сайран Әлімбаева, Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы:
Егер ол дәл сол уақытта басқа үйі бар екенін анықтаса, сатып жібергенін анықтаса кезекке қоймас еді. Мұндай дау тумас еді. Сондықтан мамандардың қателігінен көп жағдайда осындай мәселе туындайды.

Мараш Қаюпованың жолдасының атында бұрын алып қайта сатқан үйі болғанын мамандар білмеген. Сондықтан кезектен шығарылғаны анықталды. Енді ол мүлікті сатқан уақыттан бастап бес жылдан кейін ғана кезекке тұра алады. Ендігі үмті - цифрландыру саласында.

Депутат сауалына жауап берген Үкімет басшысы биылдан бастап тұрғындарды үй кезегіне қоюдың бірыңғай электронды жүйесі енгізілгенін айтты. Соның нәтижесінде статусы сәйкес келмеген жайттар анықталып, 41 мыңнан астам адам үй кезегінен шығарылған. Енді кезекке қою, сұрыптау, түгендеу жұмыстары ашық форматта өтеді. Жаңа технология – үйді үлестіру шараларының да әділ өтуін қамтамасыз етпек.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу