Ұлттық арнаның көрермендеріне тағы бір тамаша тарту. Ораза айында Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолына арналған телесериал көпшілікке ұсынылады. Жаңа туынды жақында ғана Түркияда түсірілген. ТРТ арнасы да сериалды Рамазан айында көрсетпек. Фильмді қазақстандық көрерменге ұсыну жөнінде еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Түркия Президенті Әкімшілігінің Қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы Фахреттин Алтунның кездесуі кезінде келісілді.
Бұдан бөлек екі елдің медиа қауіпсіздік бағытында күш біріктіруі және телерадио саласында ынтымақты арттыру бойынша да бірқатар келісімдер жасалды.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Медиа саласында журналистерді дайындау олардың кәсіби деңгейін арттыру мәселелері, бірлескен ұлттық телеканалдардың өнімдерімен алмасу мәселелері және бірігіп телесериал түсру мәселесі жан-жақты талқыланды. Біз Қожа Ахмет Ясауи мирасын бірігіп түсіруге ниет еткен едік, қуанышқа орай, түрік бауырларымыз соны түсіріп қойыпты. Біз сол түсірілген сериалды сәуір айында түрік бауырларымызбен бірге көрсетуге келістік.
Фахреттин Алтун, Түркия Президенті Әкімшілігінің қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы:
Қазақстан мен Түркияның тарихи, мәдени, ұлттық ортақ құндылықтары бар. Осы құндылықтарды ескере отырып, заманауи технологияларды пайдаланып медиа саласында көптеген жаңа жобалар жасауға мүмкіндігіміз бар.