Батыс Қазақстанда мал азығы тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда мал азығы тапшы

08.04.2021

Батыс Қазақстанда мал азығы тапшы. Өңірде қыс ұзап кетті. Көк әлі көтерілген жоқ. Салдарынан қырға шыққан мал құлап жатыр. Халық бір орама шөпті екі есе қымбатқа алуға мәжбүр. Жазда 6 мың болған бумасы қазір 12 мың теңге тұрады. Ауылдағы ағайынның хәлін әріптесім Ардақ Мұратқызы біліп қайтты.

Төрт түлік қарашада қораға қамалды. Содан тұрған 6 ай қыс ауылдықтарды қинап жіберді. Мал азығы тапшы. Былтыр наурыздың басында-ақ өріске шыққан еді. Биыл әлі қорада тұр.

Тәттіғали Жасымқожин, Белес ауылының тұрғыны:
Қыс ұзап кетті. Күзде қоңсыз келді малымыз. Шөп қымбат. Даладан әкеледі, ауылда шөп жоқ, даладан әкеп сатады. Халықтың қалтасы көтермейді көбінің. 
Нұрымбет Қуанышқалиев,  Белес ауылының тұрғыны:
«Бес қонақ» бар әлі. Сәуір енді басталды. Қиын боп тұр, қиын.

Шөпті ауылға көрші аудандардан әкеледі. Жекеде шабындық жоқ. Жаздай Тасқала, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбеден тасымалданды. 1 орама шөп 250-300 келідей болады. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Халық қазір осындай орама шөпті екі есеге қымбатқа алып жатыр. Жазда осының біреуі 6 мың теңге тұрса, қазір 12 мыңнан сатылып жатыр. Мұның өзі, егер аулаңызда 3-4 бас мал болса, бір аптаға ғана жетеді. Яғни, мал азығын үнемдеуге тура келеді.

Салдарынан мал жүдеу. Шарасыздықтан тұрғындардың кейбірі қорадағы қой-ешкісін далаға шығарған. Бірақ қыр тықыр. Айналып ауылға келеді.

Бисен Сағынов, Белес ауылының тұрғыны:
Қазір ештеңе жоқ жайылымда. 135 рулон жеп отырмыз бір қыста, 6 айда.

Тек Бәйтерек емес, биылғы қыс басқа аудандарға да оңай соқпады. Жаңақала, Қазталов аудандарында көктем келмей жатып, мал азығы таусылды. Ал Жәнібек ауданында қырға шыққан мал құлап жатыр.

Нұргүл Мұқанова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
Жаңақала, Қазталов аудандарында шөптің шығымдылығы аз болды. Сол себепті ол аудандарға басқалардан шөп жеткізілген болатын. Ауыл тұрғындарына төмендетілген бағамен мал азығын тасымалдауда. Мал азығының таусылуына байланысты мал қырылып жатыр деген ресми ақпарат тіркелген жоқ.

Бірақ бәйтеректіктерге арзан бағамен шөп беріп жатқан ешкім жоқ. Ауылдағы жұртқа енді мал көкке ілінгенше 2-3 апта амалдауға тура келеді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу