Ақтауда 2 адамның өліміне әкелген жарылыс себептері анықталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда 2 адамның өліміне әкелген жарылыс себептері анықталуда

12.12.2018

Тағы 3 адам ауыр жарақат алды. Оқыс оқиға металл қабылдайтын базада болды. Құзырлы органдар таратқан ақпар бойынша, қайтыс болғандардың бірі металл қабылдап, екіншісі оны тапсыруға келген. Ал, металл қабылдау пункті ресми тіркелмеген.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Оқиға темір-терсек қабылдайтын базада болды. Қазір оның айналасын толық қоршап тастаған. Тәртіп сақшылары аумаққа ешкімді өткізбейді. Әзірге, жарылыстың неден болғандығы жөнінде нақты ақпарат жоқ. Тек куәгерлердің сөзіне сенсек, кеше кешке сағат 18-00 шамасында базада оқу-жаттығу снаряды жарылған. Ол снарядты кім әкелді, қайдан әкелді, әзірге белгісіз.

Мерт болғанның бірі – металл қабылдау пунктінің иесі. 31 жастағы жігіт кәсіпті бір апта бұрын ғана ашқан. Марқұмның соңында 4 баласы қалды.

Әбдірашит Мәжитұлы, туысы:

- Металды қабылдауды жаңадан бастаған. Бұрын етікші болды. Еңбекқор, адал жігіт еді.

Жарақат алған тағы үш адам облыстық ауруханада. Қазір жағдайлары қалыпты.

Азамат Сәрсенбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Екі науқастың жағдайы орташа ауыр болатын. Ал, үшінші азамат аса ауыр күйде келіп түсті. Дәрігерлердің көмегімен қазір барлығының да жағдайы тұрақталды. Жарқыншақ тиіп жараланған және миы шайқалған деген диагноз қойылды.Олардың өміріне қауіп жоқ.

Оқиғаға қатысты Ішкі істер министрі екі түрлі болжам жасады. Айтуынша, 4 адам 6 қап темір-терсекті металл қабылдау пунктіне тапсырмақ болған. Сол жерде оқыстан жарылыс болған.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Жарылысқа сырттан әкелінген зат себеп болуы мүмкін. Екінші болжамымыз, ол жерде газбен жұмыс істейтін металды кесетін құрылғы болған. Сарапшылар қазір сол жерде.

Ведомство басшысы граната немесе снаряд жарылды деген ақпаратты растамады. Көп кешікпей анықталатынын айтты. Қазір оқиға орнында тергеу амалдары жүріп жатыр.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу