Кентауда апатты үйдің тұрғындары үрейде күнкөріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентауда апатты үйдің тұрғындары үрейде күнкөріп отыр

08.04.2021

Үйіндінің астында қалуымыз мүмкін. Кентау қаласының тұрғындары осылай деп биліктен көмек сұрайды. Іргелері іріп, шатырлары шіріп тұрған үйде тұратын 8 отбасы әр күнін қорқынышпен өткізетінін айтады. Баспананың апатты деп танылғанына 4 жыл өтсе де, барар жер, басар тауы жоқ жандар көгерген үйлерінде күнелтуге мәжбүр.

Жанар Дәрібаева апатты үйде алты баласымен тұрады. Жаңбыр жауса шатырынан су ағып, үй іші ыдысқа толып қалады. Тіпті пәтердің қабырғалары көгеріп, сасық иіс қолқаны қабады. Амалсыздан жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болдық дейді.

Жанар Дәрібаева, Кентау қаласының тұрғыны:
Алты баламен қайтып тұрып жатырмыз, қайта-қайта ауыра береді.

 Қазір 16 пәтерлі үйдің жартысында ғана адамдар тұрады. Кейбірі пәтерлерін тастап кеткен соң, жұрт оны қоқысқа толтырып тастаған. Өйткені оларды қаңғыбастар паналайтын болған. Тұрғын үйді жылудан да ажыратып тастаған. Әрқайсысы пеш қойып алған.

Нуриддин Қасымбеков, Кентау қаласының тұрғыны:
 Әкімгершіліктен келіп жағдайымызды сұраған емес. Біз барамыз, қайтамыз. Ешқандай нәтиже жоқ.

Ашынған тұрғындар қала әкімдігіне барып, баспана сұраған. Ал, биліктегілер болса, жаңа пәтерді жуық арада бере алмайтынын жеткізді. Оларды беру үшін ол үйлерді газға қосу керек. Бірақ көгілдір отынның нақты қашан қосылатынын да дөп басып айта алмады.

 Арман Басаров, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
Өкінішке орай қазір АГРЭС біздің жаңағыдай станциямыз бар. Сол жерде қысымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол жоғары қысымды жұмыстар толығымен аяқталып, КазТрансГаз мекемесі қабылдаған соң, сол үйлер беріліп, пәтерлер үлестіріледі.

 Бұл кеншілер қаласындағы жалғыз апатты үй емес. Осы күнге дейін 4 баспана тексеру қортындысымен жарамсыз деп танылса да онда халық тұрып жатыр. Апатты үйлердегі 47 пәтердің иесіне уақытша баспана жалдауға шешім қабылданғанымен, мұндай ұсынысты тек үш адам ғана қабыл алған.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Ал, жаңа көпқабатты он баспана пайдалануға берілсе оған апатты үйлерде тұратын тек төрт отбасы ғана қоныстанады. Қала басшылығы өзге пәтерлер әлеуметтік жағынан осал топтарға беріледі деп отыр. Сондықтан қалған 43 пәтер иесіне жаңа үйлердің салынуын күтуден басқа амал қалмай тұр.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу