Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға ұлттық жоба ретінде қарау қажет. Елдің әр азаматы ата-бабасының ақталуына ат салысқаны дұрыс. Бүгін арнайы комиссия журналистерге жұмыс істеу барысын таныстырды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы нақты іске кірісті. 11 жұмыс тобы құрылды. 11 түрлі міндет жүктелді. Ұжымдастыру, жер аудару, қудалау және діни сипаттағы бағыттар байыпты зерттелуі керек. Елдің іргелі жоғары оқу орындарынан 57 ғалым басқа шаруалардан босатылып, басыбайлы осы шарамен айналысады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Арнайы мұрағаттарда жұмыс істеу үшін тиісті рұқсатнама бердік.
Шындық көп, ақиқат жалғыз. Ал, ақиқат архивтерде. Бірақ, оған кіруге кедергі көп. Тек ішкі істер министрілігінде 172 мың құпия қор бар. Қазір жабық тұрған сол қорларды ашу жұмыстары жүріп жатыр.
1920-1950 жылдардағы аласапыран бойынша бірыңғай деректер базасы қалыптасады. Репресссиямен қатар, ашаршылық құрбандарының да тізімі жасалады. Бірақ, деректерді табу оңай шаруа емес. Себебі, туу туралы куәліктері берілмеді. Сондықтан ата-бабалардың есімін жаңғыртуға тек комиссия емес, халық болып ат салысқан абзал.
Берік Әбдіғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты :
Сол заманда метрикалар болмады дейді. Бірақ, шежіре бар ғой. Халық ат салысуы керек, Ұлттық жоба ретінде қарамаса қиын. Әрбір азамат шежіресін қарап түгелдеп шығуы керек.
Аш-құрсақ қырылғандар, сотталған, атылғандардан басқа көтеріліске қатысып қудаланғандар қаншама. Олар да толық ақталмады. Сондықтан шараны кешенді ұйымдастыру үшін комиссияның өңірлерде филиалдары, арнайы жобалық кеңселері ашылды. Әркім мәлімет жинауға болады. Ал, нәтижелі жұмыстар көріне бастағанда жалпыға жария үшін портал ашу жоспарланған. Өйткені, тарих – өткенмен кектесу үшін емес, шындықпен беттесу үшін қажет.
Нысаналы Ығыл