Әзірбайжанда түркі тілдес елдердің медиа саласы министрлерінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әзірбайжанда түркі тілдес елдердің медиа саласы министрлерінің отырысы өтті

12.04.2021

Түркі мелекеттері бірыңғай ақпараттық телеарна тұжырымдамасын әзірлеуде. Бұл жөнінде Бакуде өткен Түркі кеңесі министрлерінің үшінші отырысында белгілі болды. Кеңеске қатысушы елдер медиа және ақпарат саласында ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Түбі бір түркі мемлекеттері ақпараттық салада бірігуге бел буды. Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгрия өкілдері тарих пен мәдениетті жаңғыртып, көркем және деректі фильмдер түсірілімдерін қолға алмақ. Қазақ делегациясын бастап барған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов осы бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету ақпараттың саясатымыздың басым бағыты екеніне тоқталды. 

Асхат Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың 31 наурызында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне мүше барлық мемлекет басшыларының қатысуымен Түркі кеңесінің саммиті өтті. Саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлік және халықаралық аренада түркі әлемінің құндылықтары мен мүдделерін ілгерілетуге қолдау ісіндегі рөлінің күшеюін ерекше атап өтті. 

Қазақстан Түркі кеңесі елдерімен телевизиялық өнімдерді, оның ішінде, сериалдар мен деректі фильмдерді жылда алмасып келеді. Жуырда Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен еңбегі туралы түріктің «Тылсым дүние» телехикаясы көрерменге ұсынылмақ. Сондай-ақ «Қорқыт ата» жаңа телевизиялық жобасы да қолға алынды. Тараптар тіпті бірлескен телеарнаның тұжырымдамасын ортаға салды. Құжат бойынша жұмыс биыл аяқталуы тиіс.

Бағдат Әмреев, Түркі кеңесінің бас хатшысы: 
Медиа саласы бойынша біздің елдердің арасындағы ынтымақтастыққа қатысы бар барлық мәселені талқыладық. Бірінші кезекте, бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Екіншіден, ақпараттық агенттіктеріміздің бірлесе жұмыс істеуін жандандыруға келістік. 

Бүгінде ақпараттық кеңістіктің жаңа қауіп-қатерінің бірі фейк ақпарат.Түркі елдеріне ортақ медиа-құрылымы жалған жаңалықтармен күрес жолында таптырмас құрал болады деп тарқасты жиынға қатысушылар. 

 Ләйлә Дулатқызы


Хабарламаларға жазылу