Бүгін – ғарышкерлер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – ғарышкерлер күні

12.04.2021

Бүгін ғарышкерлер күні. Осыдан 60 жыл бұрын алғаш рет адамзат баласы аспанға ұшып, ғарышқа самғады. Сол сәттен бастап әлем тарихында жаңа дәуір басталды. Тәуелсіздік таңы атқан тұста елімізде де ғарыш саласына ерекше мән берілді. Нәтиже жаман емес. Үш бірдей Қазақ ғарышкер атанды. Маңызды датаға байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер парақшасында былай деді.

«Осыдан 60 жыл бұрын адамның ғарышты игеру дәуірі басталды. Юрий Гагариннің Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы – әлемдік ғылым дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан халықаралық бағдарламаларға, ғарыш технологиясын игеруге белсенді атсалыса береді», - деді Мемлекет басшысы.

21 ғасыр - ақпарат ғасыры. Қазір 50-ге жуық мемлекет аспанға аппарат ұшырып, жердегі шаруасын жерсерікпен зерттеп, алды-артын барлап отыр. Ғарыштық технологияларға қолы жетпеген жұрт технологиясы бар мемлекеттерге тәуелді. Оншақты жыл бұрын біз де осы қатарда едік. Қыруар қаржыны біреудің қалтасына кететін. Дәл қазір, қазаққа тиеселі 6 жерсерік бар. Осы 6 аппарат Қазақстанды ғарыштық технологиясы бар 30 елдің ал, жоғары технологиясы бар 10 елдің қатарына қосты.

Мирғали Әлімағанбетов, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының департамент директоры:
Біз өзімізді неге ғарыштық держава деп атауға болатынымызды түсіндірейін. Біз де Байқоңыр бар. Әлемдегі ең үлкен космодром. Ұлттық ғарыш орталығы бар. 30 гектар аумақты алатын, алып кешен. Жерді қашықтан зондтау осы жерден жүргізіледі. Одан бөлек, біз жобалаудан бастап, өз қолымызбен 2 жерсерікті жасап, орбитаға ұшырдық. Оның аты - ҚазСАТ. Әр бірқатар ғарыштық қызметпен айналысатын кәсіпорындар бар.

Телебайланысқа жауапты ҚазСАТ-2 және ҚазСАТ-3 өз саласының үздігі. Бұл екеуінің пайдасын санап тауысу мүмкін емес. Бастысы – ақпараттық қауіпсіздікке қол жетті. «ҚазГеоСат-1» жоғары дәлдікті аппарат. Ол көлемі 10 сантиметр затты мәселен, кітапты, ондағы жазуды да суретке түсіреді. Әлемнің 30 ға жуық елі бізден сурет сатып алады.

Тоқтар Әубәкіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы:
Телефондар қазіргі. Қалтаға салып жүре бересіздер. Ол қайдан пайда болды? Ғарыш саласы. Сол ұшып жүрген біздің жерсеріктері. Ретранслятор болады. Е ТВ, радио, телефон сол арқылы жұмыс істейді.

Бұл күнге дейін жер шарындағы 7 млрд адамның 600-ге жуығы ғарышқа ұшқан. Оның үшеуі қазақ. Тоқтар Әубәкіровтің ізімен Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов орбитаға аттанды. Сапар барысында 39 ғарыштық эксперимент жасалды. Осының арқасында Қазақстанның ғарыш ғылымын халықаралық қауымдастық мойындады.

Мейірбек Молдабеков, «Аэро ғарыш» комитеті төрағасының кеңесшісі:
Дәл қазір Қазақстанның ғалымдары 6 ғарыштық эксперименттік бағдарламасын әзірлеп жатыр. Ал, Ресейдің ғарышкерлерін дайындайтын орталығында қазақтың жігіті Мұхтар Аймаханов дайындалып жүр.

6 бірдей жерсеріктің ғарышқа шығуы тәуелсіздік жылдары еліміз жеткен ең басты жетістіктердің бірі әрі бірегейі. Алты құрылғының екеуін өзіміз өндірдік. Кәсіпорын жылына үш жерсерік құрастыруға қауқарлы.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу