Тиісті ақпарат бүгін агенттік қабырғасында өткен брифингте жария болды. Жалпы, соңғы екі апта ішінде ондаған жоғары шенді шенеунік пара алып ұсталған. Олардың ішінде бас дәрігер және оның орынбасары, Алматы күзет қызметінің шенеуніктері және қалалық полиция басшылары бар.
Құны - 24900 доллар. Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының шенеунігі қол астындағы қызметкерлерінен осыншама ақшаны талап еткен. Күдікті пара алу кезінде қолға түсті.
Бұл - қостанайлық полицейлер. Біреуі Жітіқара қалалық полициясының басшысы болса, екіншісі жергілікті полиция қызметінің басшысы. Екеуі бірігіп, қол астындағы қызметкерлерге төленген үстемақыдан жиналған 1,5 млн. теңгені иемденбек болған жерінен қолдарына кісен тағылды. Ал, мынау Қостанай облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері мен орынбасарының пара алып, ұсталып тұрған жерінен түсірілген видеодан үзінді.
Агенттік мамандарының құрығына Есілдің сол жағалауында отырған шенеуніктер де іліккен. Қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы1,9 млн. теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Кінәсін мойындап, тергеу ісіне қолғабыс жасаған төраға қазір үйқамақта отыр. Жалпы, өткен жылы агенттік мамандары 1211 лауазымды тұлғаны тәртіптік жазаға тартқан. Оның ішінде 135 адам мемлекеттік қызметтен қуылған.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.