Сыр өңірінде коронавирус инфекциясының таралуы күннен күнге өршіп барады. Соған сәйкес, аймақта карантиндік талаптар қайта қатаңдатылды.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Өңір коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша бүгінде «сары» аймақта. Яғни, облыста эпидахуал мәз емес. Соңғы үш тәулікте 130-ға жуық адам індеттің ілмегіне түсті. Сондықтан карантиндік талаптар қайта күшейтіліп жатыр. Жаңа қаулыға сәйкес, облыста мерекелік жиындар мен отбасылық шараларды өткізуге қатаң тыйым салынды. Сондай-ақ, балалардың ойын-сауық орталықтары мен бильярд, боулинг, компьютерлік клубтар мен караоэке қызметін көрсететін орындардың жұмысы тоқтатылды. Және де спорттық додалар көрерменсіз өтетін болды.
Жалпы аймақтағы 300 орындық мектептер санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, сыныпта 25 оқушыдан асырмай дәстүрлі форматта оқи беретін болды. Ал баланың мектепке барып оқуы ата-аналардың келісімімен шешіледі. Жалпы қазір аймақтағы орта білім беру орындарының 30 пайызы онлайн режимге көшкен. Ал кинотеатрлар мен концерт залдарының жұмысы тоқтатылған жоқ. Бірақ, көрермендер саны бұрын 30 пайызды құраса, енді 20 пайыздан аспауы тиіс.