Өскеменде пәтер иелері кооперативтері жалға алған пәтерлерді босатуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде пәтер иелері кооперативтері жалға алған пәтерлерді босатуға мәжбүр

14.04.2021

Өскемендегі пәтер иелері кооперативтері жалға алып отырған пәтерлерін босатып жатыр. Қалалық әкімдік бұл үйлерді баспана кезегінде тұрған адамдарға бермек. Бірақ ондаған жылдар бойы көпқабатты үйдің бір бұрышын кеңсе ретінде пайдаланып келген кооперативтердің басқа жаққа көшкісі жоқ.

Жеке пәтер иелері кооперативінің жұмысшылары 9 қабатты тұрғын үйдің жертөлесіне көбіне құбыр жарылғанда ғана түсетін. Ал енді бұл жер олардың күнде отыратын кеңсесі болмақ. Амалсыз көшуге тура келген

Алтай Аяғанов Жеке пәтер иелері кооперативінің басқарушысы:
Бұл жерде ұялы байланыстың сигналы дұрыс ұстамайды. Интернет те әлсіз. Ал пәтер иелерінің көбі бізге сол интерент арқылы төлейді. Бұл орынның желдеткіш жүйесі де жоқ. Сыз тартып тұр. Жағымсыз иістен адамның құсқысы келеді.

Өскеменде барлығы 130 пәтер иелері кооперативі бар. Олардың 25-і осы уақытқа дейін көп қабатты тұрғын үйден кезінде берілген кеңселерді жекешелендірмеген. Әкімдіктен жалға алып отырған пәтерлерді босату туралы хат келгенде көбі абдырап қалыпты.

Гүлнәр Әбішева, қалалық пәтер иелері кооперативі қауымдастығының атқарушы директоры:
Көбінде тіпті жертөлеге баратын жер жоқ. Ескі үйлерде жертөле бар, ал жаңаларда техникалық жертөле. Ол өте аласа, биіктігі 1-1,5 метр. Не істейсіңдер, қалай істейсіңдер деп бізден бір адам сұраған жоқ. Хабарлама берді де, шыға беріңдер болды деді.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі 25 кооперативпен келісімшартты биылдан бастап біржақты бұзған. Көп ұзамай тұрғын үйлерді басқару тәсілі өзгереді әрі кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамту үшін осылай істеуге тура келген.

Досым Қалдыбаев, Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
Бүгінгі күнге дейін, хабарлама берілсе де, ол кісілер де 2-3 ай уақыт болды басқа жұмыс орнын табуға. бірақ, бұл кісілер босатпай отыр. Сол себепті, заңға сәйкес сотпен мәжбүрлі түрде шығарылады.

Қазір пәтер иелері кооперативінің басшылары басқа ғимарат іздеумен әуре. Тұрғындар бірінші қабаттағы бір бөлмелі баспанасын кооперативке жалға бергісі келмейді екен. Ал коммерциялық ғимарат жалдауға қаражат тапшы. Сондықтан кооперативтерге әзірге жертөлені паналаудан басқа амал қалмай тұр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу