Қазақстанда киіктерді қорғауға арналған акция басталды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Акцияның мақсаты лактация кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.
Бұйрық шеңберінде акцияны өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.
Акция барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп киік мүйіздерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және оларды елден тыс жерлерге шығару бойынша шаралар күшейтілетін болады», - делінген хабарламада.
Шара 15 сәуір-15 мамыр аралығында өтеді. Оған 200-ге жуық инспектордан тұратын мобильді топтар, 64 бірлік жоғары өтімді автомашиналар, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның 12 «КУНГ»-тары, «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары, сондай-ақ Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің, құқық қорғау органдары мен Шекара қызметінің қызметкерлері жұмылдырылды.
Айта кетейік, Қазақстанда заңсыз аң аулағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Былтыр елде киік браконьерлігіне қатысты 85 тіркелді. Нәтижесінде 727 ұшаны және 3 489 киік мүйізі тәркіленіп, жалпы шығын 2,4 млрд теңгені құрады.