Өткен тәулікте Шымкентте 111 адам коронавирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен тәулікте Шымкентте 111 адам коронавирус жұқтырған

15.04.2021

Еліміздің көптеген аймағында эпидемиологиялық ахуал ушығып барады. Өткен тәулікте Шымкентте 111 адам коронавирус жұқтырып, мегаполис «қызыл» аймаққа енсе, Маңғыстау мен Түркістан, Атырау облыстарында карантин талаптары күшейтілді. Осыған дейін «жасыл» аймақта болған Шығыс Қазақстан облысы да «сары» аймақ қатарына қосылды. Ал Петропавлда мектептің 5 оқушысы мен 2 мұғалімінен ковид анықталып, білім ордасы екі аптаға карантинге жабылды

Шымкентте вирус жұқтырғандар саны кеше жүзден асып жығылды. Дертке шалдыққандардың 39-ы инфекциялық станционарға жатқызылса, қалғанын дәрігерлер әзірге үй бақылауында ұстап отыр. Әсіресе жансақтау бөліміне науқастардың көптеп жатқызылуы медицина қызметкерлерін алаңдатуда. Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда 1 мыңнан астам төсек-орын болсап, соның үштен бірі науқастарға толған. Ал егу науқаны басталғалы 39 мыңға тарта азамат коронавирусқа вакцина салдыртқан.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Реанимация бөлімшесінде өте көп науқастар. Көбі жастар 40-30-25 жастағы науқастар өте ауыр жағдайда жатыр. Барлықтарыңызды ертерек коронавирусқа қарсы вакцина салуға шақырамын.

Маңғыстауда да эпидахуал тұрақсыз. Осыған байланысты бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысымен көпшілік шаралар, отбасылық жиындар мен спорттық жарыстар өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ, букмекерлік кеңсе, түнгі клуб, бильярд, караоке, банкет залдары мен ойын клубтарының жұмысына рұқсат жоқ. Балалар ойын алаңдары да қайта жабылады. Жаңа талапқа сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайызы келесі аптадан бастап қашықтан жұмыс істеуге көшіріледі.

Әзірге «жасыл» аймақ саналғанымен Түркістан облысында коронавирус пен вирусты пневмония жұқтырғандар саны көбеюде. Осыған байланысты түрлі спорттық іс-шаралар өткізу және бильярд, боулинг, аттракциондардың, компъютерлік клубтардың жұмысы тоқтатылды. Қоғамдық тамақтану орындары енді келушілерге түнгі сағат 10-ға дейін қызмет көрсете алады. Сондай-ақ бұған дейін рұқсат берілген жұма және тарауих намазына, еске алу мен ауызашарлар өткізуге де тыйым салынды. Ал мемлекеттік органдар мен кеңсе қызметкерлерінің жартысы енді қашықтықтан жұмыс істейді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу