Алексей Цой ауылдардағы вакцинациялау жұмыстарымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Цой ауылдардағы вакцинациялау жұмыстарымен танысты

15.04.2021

Елді мекендерде де екпе егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауылдардағы вакцинациялау жұмыстарымен танысты. Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылының дәрігерлік амбулаториясында тіркелген 8,5 мыңнан астам халықтың тең жартысы екпе алатын санатқа жатады. Бүгінде 135 адам екпе алып үлгерген. Алдағы екі күнде тағы 300 дозасын егу жоспарланған. Министр ауыл тұрғындарымен кездесіп, екпеден кейінгі жағдайларын сұрады. Арнайы жабдықталған егу кабинетінде вакцинаны сақтау және енгізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Өз кезегінде министр медицина мамандарына әдіс-намалық қолдау танытуға дайын екендігін жеткізді. Әрі вакцина барлық ауылға қолжетімді болуы тиіс деді. Сондықтан екпені өңір-өңірге жеткізу, тасымалдау жұмыстары күшеймек.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
Халық вакцинаға сенім арта бастағанын байқадым. Бұған дейін тіпті медицина қызметкерлерінің өзі де қорқынышпен қарағаны жасырын емес. Жаңа вакцина болғасын ол орынды. Ақпаннан бері салдырғандардың арасында ешқандай қарсы көрсеткіш тіркелмеді. Біраз уақыттан кейін халық өзін жақсы сезініп, вакцинаның нәтижесі де біліне бастайды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу