Қарағанды облысында 800 миллион теңгеге салынған жол сапасыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 800 миллион теңгеге салынған жол сапасыз болып шықты

15.04.2021

Бюджеттің 800 миллион теңге қаражатына салынған жолдың жыл өтпей жатып сапасы сыр берді. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қасым Аманжолов ауылының күрежолына жөндеу жүргізіледі дегенде тұрғындардың төбесі көкке жеткен еді. Себебі 45 шақырым жердегі аудан орталығына бару үшін ой-шұңқырлы жолмен 2 сағаттан артық жүретін. Бірақ жаңа асфальт төселгенімен жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қасым Аманжолов ауданына баратын мына жол өткен жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Оған бюджеттің 800 миллион теңгеге жуық қаражаты бөлінген. Алайда жыл өтпей жатып сапасы сыр берді. Мінекей асфальтын қолмен-ақ алып опыруға болады.

Жылдар бойы жол зардабын тартқан жұрт әу бастан мердігерлер жұмысты сапалы атқарсын деген талабын қойған. Ол үшін 10 адамнан тұратын комиссия да құрып, күнделікті бақылау жүргізген. Бәрібір жұмыс нәтижесі тұрғындардың көңілінен шықпаған.

Серік Сәбитов, ауыл тұрғыны: 
Енді бұл жеңіл машиналардың дөңгелегінен ұшып кетті. Ертең енді отын тасу, көмір тасу басталады. Жүк машиналары келгеннен кейін мыналарыңыз үлкен шұңқырға айналады.
Әнуар Шәкәрімов, ауыл тұрғыны: 
Кейде әртүрлі себептермен комиссия мүшелері келе алмай қалады. Сол кезде жұқарып кетеді. 

Наразы жұрт құрылыс кезінде ұлттық сапа орталығына да шағымданған. Мамандар сынама алып, олқылық кеткенін айтып отыр.

Арнат Қайыртай, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ҚОФ инженері: 
Ыстық асфальтты Қарағандыдан тасығандықтан ол өзінің температурасын жоғалтқан. Сөйтіп дұрыс нығыздалмай, жол үгіліп жатыр. Сметалық құжаттары дұрыс емес. Мысалға ескі асфальт беті алынып тасталған. Жаңбыр жауып, су сіңіп кеткендіктен жаңадан салынған асфальт астынан көтеріліп, жеңіл машиналардың өзіне ұшып жатыр.

Тексеру нәтижесі аудандық әкімдікке де, мердігерге де ескертілген. Алайда кеткен қателіктер дер кезінде түзетілмеген.

 Амангелді Жанбота, Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі: 
Бүгінгі күні сол мердігерлермен бізде сот процестері жүргізіліп жатыр. Пайда болған ақаулар кепілдік мерзімі ішінде өздерінің қаражаттарының негізінде жойылатын болады.

Әзірге ауыл азаматтары жолды бақылауда ұстап, ауыр жүк көліктерін жүргізбеуге тырысуда. Алайда қыстың қамы басталған кезде қадағалау мүмкін болмайды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу