Алматы облысында ұстазды соққыға жыққан ата-анаға қатысты сот басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ұстазды соққыға жыққан ата-анаға қатысты сот басталды

10.01.2019

Бала оқытамын деп жүріп, таяқ жеген әріптесіне қолдау көрсетуге келген мұғалімдер сот залына лық толды. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Кенен Әзірбаев атындағы № 15 мектептегі оқиға тек сол білім ошағының емес, барша ұстаз қауымының наразылығын тудырған еді. Алайда, осы келеңсіз оқиғаға қатысты күдіктінің тергеу ісі сотқа жыл өткен соң ғана жетті.

Білім ошағына баса-көктей кірген әйелдің айғайға басып, мұғалімді балағаттаған сәті мектептің бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Өктем сөйлеген ол өзін зор, баласына білім берген мұғалімдерді қор санап, сабаққа кедергі келтірген ұлына ескерту жасаған ұстаз Гүлзира Байділдаеваны соққыға жыққан. Сондықтан, былтыр қыста болған оқиғаға нақты дәйек болатын тек осы таспа.

Судья мен прокурор болған жайтты жариялаған соң, әдеттегідей зардап шегуші мен куәгерлерден жауап алынды. Үш сағатқа созылған сотта сөз сөйлеген мұғалімдер Митрошенко тарапынан болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін тарқатып, айтып берді.

Әлия Жұбанова, К.Әзірбаев атындағы №15 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Бірден болып кетті. Жерде құлап жатты Гүлзира Өтегенқызы. Шашынан тартып, ұрғанын көрдім. «Қолдарыңнан ештеңе келмейді сендердің. Кім маған осылай тиісетін болса, менің балама, қызыма қатысты қайсібірің, қай пән мұғалімі болсын, қарсы сөйлейтін болса, осындай күйге түседі. Мен дәл осылай ұрып кетемін» деді.

Митрошенко мектепке келіп, 6-сыныптағы ұлына ескерту жасаған ұстазды ұратынын ескерткенімен, мұғалімдер ол қол көтереді деп ойламаған. «12 жыл биология пәнінен сабақ берген ұстазды сұлатып түсірген оқушының анасы кейін жәбірленушіден кешірім де сұрамай, керісінше, қозғалған істі тоқтатуға күш салды», дейді жәбірленуші тараптың адвокаты. Ал, Гүлзира болса, осы оқиғадан кейін басқа мектепке ауысуға мәжбүр болған.

Гүлзира Байділдаева, К.Әзірбаев атындағы № 15 мектептің мұғалімі:

- Аудиограмма түсірілімі бойынша сол жақ құлағымның естімеушілігі 65 пайызды, оң жақ құлағымдікі 25 пайызды құрады. Екінші дәрежелі естімеу мүкістігі пайда болған деді. Мирошенко Надежда агрессивті адам, енді бір ауылда тұрғаннан кейін оны көрмейді емес, ары-бері жүргенде көреміз. Соның агрессивті қылықтарынан қорқамын. Сол үшін мен ол мектептен кетуге мәжбүр болдым.

Соққыдан миы шайқалып, 25 күн ауруханада, екі ай үйде жатқан мұғалім әділдікке жету үшін облыс прокурорына дейін барған. Сағызша созылған сараптамадан соң да қылмыстық іс сан түрлі кедергілерден өтіп, оқиғаға тура бір жыл болғанда ғана сотқа жеткен. Ал, құжаттағы баппен келіспеген шағымданушылар бүгін аудио-видео дәлелдердін судьяға бергенімен, талап қараусыз қалды. Ал, есерлігімен елді дүрліктірген күдікті камераға түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу