Елорда да қар көбесі сөгілсе болды, асфальт опырылады. Бас қаланың қай бұрышына бұрылмаңыз ойық-шұңқыр табасыз. Тіпті, тас жолы жоқ көшелер де бар. Алайда, әкімдік жауапкершілікті өзгеге ысырып, өздеріне шаң жуытпайды.
Нысаналы Ығыл, тілші:
Бұрын-соңды жолға қырлы тас төсегенді көрдіңіз бе? Мұндайды шалғай ауылдардан емес, елорданың өзінен кездестіруге болады. Мүмкін, бұл құрылыс компаниясының сапа арттырудағы ноу-хауы шығар. Бірақ, ақталмады.
Сұрықсыз көріністі Олег күнде көреді. Оның жамау-жамау жол жиегінде көлік жөндеу орталығы бар. Бір жағы үлкен базар. Қозғалыс үзілген емес. Қауіп те қатар жүреді. Шұңқырдан қашамын деп талай жүргізуші опат бола жаздаған.
Олег Хаустов, кәсіпкер:
Жауыннан кейін қатер көбейеді. Ойықты су жауып тастап, тар жерде көліктер соқтығысқанын көрдім. Мұнда бетон төсемесе пайдасы жоқ. Айналадағы үйлер қалдық судың бәрін жолға айдайды. Оған асфальт шыдас бермейді. Мүмкін сапасыз шығар.
Ойдым-ойдым жол жауыр болса да, жанды мәселе. Бұнда жыл сайын асфальт жаңаланады. Бірақ, қар ерісімен қиямет қайта басталады.
Жалпы әр бұрылыста кемі бір шұңқыр. Ал, Бөкейханов көшесі басынан аяқ кедір-бұдыр. Тіпті, көлік түгілі адам әрең жүреді.
Әлекке салған Бөкейханов көшесіне биыл асфальт төселеді. Одан бөлек 15 орталық көше мен тұрғын үй алаптарындағы 300-ден аса көше жөнделеді. Үйтеміз-бүйтеміз дегенімен әкімдік жылда жолды күтіп-ұстауға кететін шығынға қатысты сауалымызға жауап бермейді. Ал, сапасына келсек, біз тек қабылдаушымыз дегенді алға тартты.
Ерқанат Бексұлтанов, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:
Сапаны техникалық қадағалау қызметі қарайды. Бұған қосымша жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен келісімшартқа отырамыз. Солардың мақұлдауынан кейін ғана біз жұмысты қабылдап аламыз. Ал, мердігер компаниялар орташа жөндеу жүргізген учаскесіне 3 жыл кепіл болады.
Сонда асфальттың сапасына қарайтын органдар ісіне салғырт па? Себебі, бас қалада жағдай осындай. Ал, оның айналасындағы аудандардағы жолды жұртшылық жылда жыр қып айтып жүр.
Нысаналы Ығыл