Көрнекті ақын Есенғали Раушанов дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрнекті ақын Есенғали Раушанов дүниеден озды

16.04.2021

Қазақ халқы тағы бір дара тұлғасынан айырылды. Бүгін 64 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов дүниеден өтті. Қазақ поэзиясында өзіне тән жылы лирикасы бар қаламгер саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қанатты ақынның қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

 «Есенғали Әбдіжаппарұлы қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өр рухты өлеңдері мен поэмалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Марқұмның иманы саламат болсын», -делінген жеделхатта.
Ақын болсам екен,халыққа танылсам екен,атақ алсам екен, абырой жинасам екен деп қолдан жасау ол ешқашан абырой әпермейді.
«Мен қадірлеп, қастерлейтін, құрметтеп, басымды иетін дүние ол – Өлең»,- деген екен. Есенғали Раушанов өлең үшін жаралды. Қазақ поэзияның асқақ болғанын қалады. «Қара сөзді туған анамдай қадірлеймін»,- деуден жалықпады.
Есенғали Раушанов, ақын, жазушы: 
Сөздің қадірі деген бар. Сөзді тыңдау деген бар.Қай нәрсеге де, әсіресе, сөзге иман, ұят деген болады. Шалдың баласымын ғой.
Қаламгер 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» еңбегі тұңғыш рет Есенғали Раушанов тәржімасымен қазақ тілінде сөйледі.
Ол өзінен де бұрын өлеңге биік талап қойды. Бір ғана «Қара бауыр қасқалдақ» әнінде «Желтоқсанның» ызғары да, халқымыздың аумалы-төкпелі тарихи кезеңде басынан кешкен өкініші, мұңы, қайғысы мен қуанышы да бар.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
Есенғалидай тұлға соңында мол мұрасы қалып отыр. Қаншама шығармалары, өлмейтін шығармалары бар ғасырда бір туатын ақын. Ұлтымыздың ұлы ақыны дейтіндей ғажайып ақынымыздан айырылып қалдық. Ел басына түскен қайғы дер едім.
Қарымды қаламгер қазақ әдебиетінің құнды дүниелерінің жарыққа шығып, халыққа кең таралуында өлшеусіз еңбек сіңірді. Дарынды қабілетімен, дара болмысымен отандық журналистикасының дамуына да үлес қосты.
Қали Сәрсенбай, «Ана тілі» газетінің бас редакторы: 
Есенғали тек қана өлең сөзде ғана емес,бұл қара сөзде де өзінің мүмкіндігін толық көрсетіп кеткен азамат, тұлға. Қара сөзде де жүйрік еді. Құстар жөніндегі тақырыбы қазақ әдебиетіне, оның ішінде ұлттың танымдық әдебиетіне қосылған арнитолог қаламгер ретінде өзгеше бір ағыс болды.
Қазақ сөздің құдіретін асқақтатқан ақиық ақынның шығармашылығы - қазақ үшін баға жетпес байлық. Себебі, Есенғали Раушанов биік ой-өресімен, терең парасатымен ел ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін, өнегеге толы өр өлеңдерін қалдырды.

Жазира Оразқызы



Хабарламаларға жазылу