Енді індетке шалдыққандар саны күрт көбейген Өскемен, Семей және Аягөзде шектеу шаралары күшейтіледі. Қазір студиямен байланысқа Берік Көшербай шықты.
Берік Көшербай, тілші:Бүгіннен бастап Шығыстың бас шаһары Өскемен және Семей мен Аягөз қалалары «қызыл» аймаққа кірді. Себебі, сәуір айы басталғалы бері бұл шаһарларда қауіпті індетке шалдыққан адамдар саны күрт артқан. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін екпе салу жұмысына көп көңіл бөлінуде. Жалпы, қазан айына дейін Шығыс Қазақстанда 747 мың адамға вакцина салу жоспарланып отыр. Бұл үшін 380 екпе егу пункті ашылған. Осы айдың соңына дейін өңірге тағы 72 мың доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Бірінші кезекте бұл дәрі індет өршіп тұрған Өскемен, Семей, Аягөз қаласы мен ірі кәсіпорындардағы егу пунктеріне таратылмақ. Сәуір айы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 131 оқушыдан коронавирус анықталған. Сол себепті облыс орталығында 8 мектеп екі аптаға карантинге жабылды. Бүгін білім саласының мамандары Өскемен мен Семей оқушыларын қайтадан онлайн оқу форматына көшіруді ұсынды. Бірақ әзірге бұл мәселе бойынша нақты мәлімет жоқ.