Ақсудағы сүт фермасы заңсыз салынған ба - шаруашылық басшысы жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсудағы сүт фермасы заңсыз салынған ба - шаруашылық басшысы жауап берді

21.04.2021

Кеше Ақсу қаласындағы сүт фермасы туралы сюжет берген едік. Онда қалалық әкімдік ферманың заңсыз салынғанын айтып, жерді пайдаланудың бастапқы мақсатын заңсыз өзгерткенін хабарлаған. Бірақ бүгін арнайы брифинг өткізген шаруашылық басшысы мұны түбегейлі жоққа шығарды.

Сондай-ақ, сүт фермасы құрылтайшыларының бірі аймақтың экс-әкімі Болат Бақауовтың туысы деген ақпарат та жалған деді.

Дамир Бейсенбаев, «КХ Крон-АГРО» ЖШС директоры:
Менің қолымда екі құжат тұр. Екеуінде де жер комиссиясының отырысы өткен күн мен құжат нөмірі бірдей. Бірақ, шешімдер әр түрлі. Бұлай болуы мүмкін емес қой. Біз жердің мақсатын заңға сай өзгерттік, ол туралы бұрынғы әкімдіктің қаулы сы да бар. Ал, қазіргі әкімдік құжатты қолдан жасады деп ойлаймыз. Өйткені олардың құжатында жер комиссиясы хатшысының қолы қойылмаған.

Енді бұл істің ақ-қарасын сот анықтайды. Ал, сүт фермасында қазір 600 бас сиыр бар. Тұрғындар одан қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығатынына да шағымданған. Бірақ ферма басшылығы ауаны кез келген уақытта тексеруге дайын екенін жеткізді. Осыған дейін де СЭС мамандары зерттеу жүргізіп, аммиактың көлемі нормадан аспайтынын айтыпты. Өйткені, кешен заман талабына сай, соңғы технологиялармен жабдықталған дейді. Оны салу үшін 6 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Оның 51 пайызы жекеменшік қаражат болса, 3 миллиардқа жуығы мемлекеттен алынған. Яғни, шаруашылық жабылатын болса, кәсіпкерлер қаруар қарызға батып, қазір сонда жұмыс істеп жүрген 150 адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Рустам Ибрагимов, «КХ Крон-АГРО» ЖШС құрылтайшысы: 
Ақсу сияқты шағын қалаға ең көп инвестиция құйып отырмыз. Осы уақытқа дейін 1 миллиард теңгеден астам салық та төледік. Аймақта аграрлық секторды дамытып, тікелей мемлекет басшысының тапсырмасын орындап отырмыз. Ал, жергілікті әкімдік бізге кедергі келтіргісі келеді.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу