Екпенің алғашқы компонентін 800 мыңға жуық адам салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпенің алғашқы компонентін 800 мыңға жуық адам салдырды

21.04.2021

Вирусқа қарсы екпенің алғашқы компонентін салдырғандар саны 800 мыңға жуықтады Бүгін баспасөз алаңында есеп берген денсаулық сақтау министрлігінің мамандары екпе салдырғандардың арасында қарсы көрсетілім болмағанын айтты. Дәл қазір бізбен байланыста Раушан Сайлауқызы. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Иә елде екпе егу шаралары қарқынды жүріп жатыр. Қазір тәулігіне 70 мыңнан астам адамға вакцина салынуда. Бірінші компоненті 766 614 азамат, екіншісін 126 500 азамат салдырды. Халықтың белсенділігіне қарай, екпе егу пунктерінің саны да күннен күнге артуда. Шалғайдағы ауыл аудан халқын екпемен қамту үшін 300-ден астам көшпелі егу бригадасы жұмылды. Бүгінде қорда 900 мың доза екпе бар. Тағы 500-мыңы ай соңына дейін елге жеткізілуі тиіс.
Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы: 
Отандық вакцина өндірісі биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында жүргізілетін болады және сәуір айының соңында вакцинаның 50 мың дозасы жеткізіледі деп күтіледі. Одан кейін институттың өндірістік қуатына байланысты болады. Бұған қоса, қазіргі уақытта қосымша өндіріс бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Өкінішке қарай елімізде вирусты қайта жұқтырғандар бар. Ресми тіркелгендердің саны 800-ден астам. Алдыңғы аптаға қарағанда ауру деңгейі күрт өсті. 23 күннен бері біздің ел қызыл тізімнен шыққан жоқ. 10 аймақ қауіпті өңірлер қатарында. Сәуірдегі сырқаттанғандардың өсуі әсіресе Солтүстік аймақтарда басым. Ауруханалардың 41 пайызы науқаспен толыққан. Яғни қазір 14 мыңға жуық адам ем алып жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқандардың саны 900-ге жуықтайды. Ал мектеп оқушылары қашықтан оқуға көше ме деген мәселені әр өңірдің бас санитар дәрігері шешеді.

 Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу