Маңғыстауда мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған 3 бірдей дәрігерлік пункт 14 жылдан бері қаңырап бос тұр. Кезінде млндаған қаржыға салынып, салтанатты түрде тапсырылған ғимараттар со күйі жұмыс істемеген.
Пайдаға жарамай қалған дәрігерлік пункттер Маңғыстау ауданындағы Жарма, Сазды және Қияқты ауылдарында орналасқан. Олардың әр қайсысына 21 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бірақ, тұрғындар ешқайсысының игілігін көрген жоқ.
Тиін Балмырзаева, Жарма ауылының тұрғыны:
Амбулаторияның қолданысқа берілгеніне 10 шақты жыл болды. Біз игілігін көріп жатқан жоқпыз. Ол ылғи жабық тұрады.
Қазір Жарма ауылында тек мейірбике жұмыс істейді. Онда да ол үй-үйді аралап жүріп,қызмет көрсетеді.
Клара Шаңдақбаева, мейірбике:
Қиындығы енді әркімнің үйіне барып саламын. Бұл жерде 90-дай адам бар соның 64 ғана осы жерде тіркелген. Осы амбулаториының ең болмаса 2 бөлмесін дайындап берсе жақсы болар еді.
Сазды мен Қияқты елді мекендерінде де дәрігерлік пункттер осылай қаңырап бос тұр. Медициналық мекемелер 2007 жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Алайда, халық санының аздығы мен маман тапшылығынан қажетсіз боп қалды.
Нұрбол Оқуов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі:
Қазірдің өзінде Маңғыстау ауданында 3 ауылда пәтер мәселесін шешу қиындық туғызбайды. Дайын тұрған үйлер бар бірақ, оған баруға ұмтылып тұрған маман жоқ. Оның үстіне айлығы да 300 мыңнан асады, соған қарамастан біз маман таба алмай отырмыз.
Аудан басшылығы нысандарды қалай пайдаға жаратарын білмей отыр. Бөбекжай ашуға тырысқан, бірақ оған да сұраныс болмапты. Енді ауыл шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлер болса, ғимараттарды сенімгерлік басқаруға беру көзделіп отыр.
Аягөз Оралбайқызы