Қордайдың Масаншы, Сортөбе ауылдарындағы болған қақтығыс салдарынан бүлінген барлық нысан толық қалпына келтірілді. Зардап шегушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, бір жылда қыруар жұмыстар атқарылды. Жергілікті тұрғындардың ынтымағы қайта жанданып, ауызбіршілікте өмір сүріп жатыр. Елді мекеннің тыныс-тіршілігімен әріптесім Қуан Нұрақын танысып қайтты.
Қуан Нұрақын, тілші:
Біз қазір Масаншы ауылдық округінің орталығындамыз. Былтырғы оқиға кезінде осы көшеге жақын орналасқан 41 үй өртеніп, 13 коммерциялық нысан бүлінген еді. Қазір сауда нүктелерінің бәрі қалпына келтіріліп, саудагерлердің кәсібі қайта жандана бастады.
19 мың тұрғыны бар ауыл аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан. Былтырдан бері елді мекенге ауыз су, табиғи газ және интернет желісі тартылды. Ішкі көшелер жөндеуден өтіп, саябақтар пайда болды.
Рүстем Рысбайұлы, Қордай ауданының әкімі:
Мына Масаншы ауылында демеушілердің есебінен үлкен спорттық алаң ашылды. Балалар ойын алаңы ашылды. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жасалынды. 600 орындық мектептің құрылысы биыл бітіуге жақын қалып отыр.
Ауыл тұрғындары былтырғы оқиғаны, тіпті, есіне түсіргісі келмейді. Қазір тыныштық орнап, барлығы тату-тәтті өмір сүріп жатқандарын айтады.
Ерғазы Бошаев, Қаракемер ауылының тұрғыны:
Ынтымақ болса, бәрі де болады. Экономика да, жұмыс та, қызмет те болады.
Мұндай қазақ тілін меңгеру курстары ауылда тұрақты жүріп тұрады. Дүнген ұлты өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруге деген ынтасы артып, баласын қазақ сыныптарына берушілер көбейген.
Қамбар Иманқұлов, № 13 орта мектеп директоры:
Қазақ тілін үйренуге ата-аналар көптеп келіп жатыр. Қазақ мектебіне, қазақ сыныбына береміз деген сұраныстары өте көп.
Ауылдағы айшықты көріністерге қарап, ақпандағы қақтығыстан ешқандай із қалмағанын байқауға болады. Жергілікті билік әлі де ел игілігі үшін ауқымды шаралар атқарыла беретінін айтты. Ал ауыл халқы алқапқа дәнді-дақылдарын егіп, мол өнім алудың қамына кірісіп кеткен.
Қуан Нұрақын