Елімізде киім бағасы 5%-ға қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде киім бағасы 5%-ға қымбаттады

23.04.2021

Елімізде киім бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 5%-ға қымбаттаған. Өйткені нарық сырттан келетін тауарға тәуелді. Мәселен, отандық өндірушілер ішкі сұраныстың 0,6 процентін ғана қамтып отыр.

Елдің киім-кешек нарығы 100 пайыз импортқа тиесілі. Отандық өнім өндіретін компаниялар саусақпен санарлық. Олардың өзі қажетті шикізатты сырттан алады. Сондықтан made in kz-тің де бағасы көңіл көншітпейді.

Седред Асретов, Ranking.kz мониторинг жобасының атқарушы директоры:
Отандық киім өндірушілер биылғы жылы өндіріс көлемін 7 млрд теңгеге яғни 24%-ке арттырды. Бірақ соның өзінде олар ішкі сұраныстың 0,6 пайызын ғана қамтып отыр. Яғни қуанатын жағдай емес. Сондықтан қымбатшылық дәстүрлі түрде жыл сайын орын алады.

Бір жылда сыртқы киім мен әйелдер киімінің бағасы-4,9%, балалар киімі - 4,5%; ал ерлердікі - 5 пайызға қымбаттаған.

Ақниет Балтанова, тілші:
Қарапайым халық киім бағасын қолдан қымбаттатып жатыр деп ойлайды, кейде. Ал кәсіпкерлер болса доллар мен теңгенің бағамына тікелей тәуелді екендіктерін жеткізіп отыр. Сондай-ақ еліміздегі карантин де бағаның шарықтауына өз әсерін тигізіпті.

Қымбатшылық тудыратын тағы бір фактор -логистика. Яғни тасымалдау мен жеткізу қызметінің құны 2 есеге артқан. Соған қарамастан жеңіл киімдердің бағасын бірқалыпта ұстауға тырысып жатырмыз дейді жас кәсіпкер. Бірақ сыртқы киімдердің салмағы ауыр болғандықтан бағаны тұрақтандыру мүмкін емес.

Гаућар Самен, кәсіпкер: 
Мысалы, 2gis зерттеуі бойынша тек қана Нұр-Сұлтан қаласында 1,5 мыңнан астам киім сататын дүкендер бар. Бұл бәсекелестік өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз бағаны қолдан көтеретін болсақ, клиенттеріміз басқа кәсіпкерлерге кетіп қалады. Бұл нарықта монополия жоқ.

Нарық күн сайын құбылады. Сол себепті қос бүйірден қысқан қымбатшылықты ауыздықтау оңай болмай тұр. Көп пікірі тым болмаса, әлеуметтің әлжуаз тобына арнайы жеңілдіктер қаралса дегенге саяды.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу