Ақсу қаласында көпбалалы отбасыларға арналған баспана жарамсыз күйде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсу қаласында көпбалалы отбасыларға арналған баспана жарамсыз күйде

23.04.2021

Павлодардың іргесіндегі Ақсу қаласында көпбалалы отбасыларға арналған қос пәтерлі 30 үй тіршілікке қолайсыз болып шықты. Сапасыз үйде қыста тұру тіпті мүмкін болмағандықтан жұрт пәтер жағалап тек көктем шыға қайтып келген. Ал, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен қоныс аударғандарға арналған 18 үй мүлдем жарамсыз. Соған қарамастан әкімшілік мердігер компанияларға бюджет қаржысын толық аударып жіберген. 

Бұл Ақсу қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа шағын аудан. Көпбалалы Мейрамгүл Майдан 4 бөлмелі үйді 16 сотық жерімен қоса алғанда қатты қуанған. Бірақ қыстан зорға шықтық-дейді.

Мейрамгүл Майдан, Ақсу қаласының тұрғыны:
Мына жер қарайып жатыр. Батареялар суық. Қыс бойы жылытқыш қосып отырдық. Жарыққа 50-60 мың теңге келетін шығар деп отырмыз.

Тұрғындар жөндеу жасауға да жүрексінеді. Себебі бұл үйлер көп балалы отбасыларға жалға берілген. Жекешелендіре алмайды. Қолдарында ай сайын 15 мың теңге аренда құнын төлеу жөніндегі келісім-шарттан басқа құжат жоқ.

Динара Болатханова Ақсу қаласының тұрғыны:
Осы үйлерге кірмейміз-деп айтқанбыз. Өйткені мына үйлер қалай салынғанын да білеміз. Қандай суық болатынын да білдік. Бірақ бізді кезектен алып тастаймыз деп мәжбүрлеп тұрып кіргізді ғой мына үйлерге.

Қабырғасы қарс айрылып, едені ойылып жатқан бұл үйлердің қашан жөнделіп бітері де белгісіз.

 Нұржан Әшімбетов, Ақсу қаласының әкімі:
Мердігерлер, олар осы үйлерді бізге сатқаннан кейін олардың гарантиялары біткен екен. Сондықтан біз қазір сотқа жібергенбіз. Осы мердігерлер орнына келтіріп, жұмыстарын дұрыстап атқарсын деп. Сол кейбіреулері жұмысты бастады. Кейбіреулерін сот арқылы біз жұмсап жатырмыз.

2 жыл бұрын көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен Павлодар облысына 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Ақсу қаласында бұл қаржының қалай игерілгенін енді прокуратура тексермек.

Болат Аманбаев, тілші:
Ал, мына үйлерді бюджеттің ақшасын төлеп, әкімшілік қабылдап алған. Бірақ баспана кезегінде тұрғандар әлі қоныстанған жоқ. Себебі, құрылыс сапасында кінәрәт көп. Осындай қос пәтерлі 18 үй былтырдан бері бос тұр.

 Бұл үйлер «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстігінен Ақсуға келгелі отырған 40-қа тарта отбасына былтыр берілуі керек еді. Алайда, баспана дайын болмаған соң, көш кейінге қалды.

Мәдениет Омарғалиев, Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы:
Жылдың аяғында ақшаны игеру керек деп бәрімізді мәжбүрледі-дейді. Үйді алындар, қалғанын күн жылынғаннан кейін ол кісілер бітіреді деп. Кейбіреуінде мүлдем гарантия жоқ. Келісімшарт жасалғанда әр түрлі «подход» болған.

Қаланың бұрынғы әкімінен бастап құрылыс саласына жауапты мемлекеттік қызметкерлер бүгінде жұмыстан кетіп қалған. Олардың бірқатары қазір жауапқа шақыртылған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу