Арыс қаласында шалғай ауылдардың балалары оқитын жалғыз мектеп-интернаты жабылып, орнына ер балаларға арналған лицей ашылмақ. Бұған ұстаздар қауымы түбегейлі қарсы. Ал, сала басшылары Арыстағы дарынды балаларды өзге қалаларға жібермей, бір жерге топтастыру үшін лицей ашудан басқа амалымыз жоқ дейді. Өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева тараптардың пікірін тыңдап қайтты.
Мектеп-интернатының ұжымы бүгін дәрістерін тоқтатып, білім бөлімінің басшылығына жан айқайларын жеткізді. Бәрінің талабы біреу-алпыс жылдық тарихы бар мектеп жабылмасын дейді. Егер білім ошағы жабылса, 500-ден астам оқушы жан-жаққа тарап, 150-ге тарта мұғалім мен қызметкер жұмыссыз қалмақ.
Әсия Жүсіпова, мұғалім:
Менің пенсия жасына шығуыма үш ақ жыл қалды, ал мені дәл қазір басқа жаққа ауыстырса бір ставка сағатымды кім тауып береді? Өзі кішкентай Арыстың ішінде кімде қалай сағаты бар екені белгілі. Ол мектебіміздің жабылып, бізге сағат тауып береді дегеніне бәріміз қарсымыз. Бүкіл ұжым қарсымыз.
Гүлмира Тәлтиева, мұғалім:
Осы жердегі пәлен маман жұмыссыз далада қалмауы керек. Оны әрқайсысының артында бес бала-шағасы, үш бала-шағасы отыр. Жалғызбасты аналарымыз бар. Бір үйде жалғыз жұмыс істейтін ер азаматтарымыз бар. Олардың ертеңгі бала-шағасын асырауына кім өзінің жалақысынан бөліп береді.
Ұстаздар осында жатып оқитын малшылар мен шалғайдағы мектебі жоқ шағын ауылдардың балаларына да алаңдаулы. Алайда білім бөліміндегілердің өз уәжі бар. Шенеуніктердің сөзінше, мектеп-интернатта оқитын 500-ден аса баланың тек 122-сі ғана сырттан келеді. Оларға Арыстағы бір мектепті интернат етіп өзгертіп, қалған оқушыларды қала мектептеріне ауыстырмақ. Қызметкерлерге де жұмыс табылады деп сендірді.
Әшімхан Момбеков, Арыс қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
Қалған мұғалімдердің барлығы осы Қожанов мектебіне, Момышұлы атындағы және қаладағы барлық мектептеріне, қалаған жерлеріне осы айлық жалақы сақтала отырып ставкіде, жұмысқа қабылданатын болады. Оған кепілдеме береміз.
Арыста дарынды балаларға арналған мектеп жоқ, соның кесірінен жыл сайын 200-ге тарта білімді оқушы өзге қалаларға ауысып кетеді дейді мамандар. Сондықтан, өңірдегі білім саласының әлеуетін көтеру үшін жаңа оқу жылында қазақ-түрік лицейі негізінде ер балаларға арналған лицей жұмысын бастайды. Болашақта мұндай білім ошақтары Бәйдібек, Мақтаарал, Сайрам аудандарында да ашылмақ.
Айнұр Ақбаева