Отандық QazVac вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық QazVac вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді

26.04.2021

Қазақстанда өндірілген вакцинаның 50 мың дозасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен Қарағанды облыстарына жөнелтілді. Сондай-ақ, еліміздің Шығысына 4 мың вакцина алдағы күндері жеткізілуі тиіс. Ақтаулықтар қазірдің өзінде алғашқы 2000 дозаны салдыра алады.   

Талдықорғанға отандық вакцинаның алғашқы 4 мың дозасы жеткізілді. Препарат дәрі сақтау қоймасынан облыстағы 250-ден астам екпе пунктіне таратылады. Қазақстандық вакцинаның ресейлік Спутник V екпесінен ерекшелігі – сақтау температурасында. Ресейлік препарат нөлден төмен температурада сақталса, отандық вакцинаны +2, +8 градуста ұстауға болады, дейді мамандар.

Отандық вакцинаның тағы бір айырмашылығы- Спутник V сияқты ағзаға тірі жасушалар емес, өлі жасушалар енгізіледі. Яғни қауіпсіздігі жоғары. Бірақ бұл екпеніңде екінші компонентін араға 21 күн салып алу керек. Бүгін өзімізде шығарылған «QAZVAС-тың» 2 мың дозасы Қостанайға жеткізілді. Өңірде өткен сәрсенбіде ресейлік Спутник V вакцинасының бірінші компонтенті таусылып қалған болатын.

Түркістан облысына да жеткізілген отандық вакцинаның 2 мың дозасы арнайы әзірленген өңірдегі 80 орынға таратылды.Алайда таңдау тұрғындардың өзінде. Қазақстандық «QazVac» я ресейлік Sputnik V екпесінің көмегіне жүгіне ме, ол жағын өзі шешеді. Вакциналау басталғалы бері аймақта 45 мыңға жуық адам екпе салдырды.

Оралға да 2000 дана отандық вакцина жеткізілді. Препараттар қалалық және аудандық емханаларға жіберіледі. Жалпы өңірде ақпаннан бері 25 мың адам вакцина алған. Бастапқыда жұрт үрке қараса, қазір кезекте тұрып, салдырып жатыр, дейді мамандар.

 Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу