Батыс Қазақстанда 1 мамырдан бастап облыс орталығына кіреберісте және бірнеше ауданда блок-бекеттер қойылады. Қазір осы өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы бізбен байланыста.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Облыста карантиндік шаралар күшейтілді. Бұған өңірде індеттің өрши түсуі себеп болып отыр. Облыс бір айдан астам уақыттан бері «қызыл» аймақта. Ең бастысы, халық қозғалысын шектеп, ауру жұқтырғандардың тізбегін үзу қажет дейді мамандар. Сол себепті Орал қаласының кіреберісіне және Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Қазталов және Шыңғырлау аудандарында блок-бекеттер қойылады. Әзірге шектеудің қашанға дейін созылары белгісіз.
Нұрлыбек Мұстаев, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Оның уақыты көрсетілмеген, себебі эпидахуалға байланысты. Егер ахуал түзелсе, онда, әрине, блокпостарды алуға сұрақ туындамайды. Егер жағдай күшейсе, жалғаса береді. Негізі инкубациялық кезең 14 күн, бірақ блокпост одан бұрын да алынуы мүмкін.
Сондай-ақ, өңірде түнгі сағат 12-ден таңғы 6-ға дейін көщеде жүруге болмайды, көлік қозғалысына да шектеу қойылды, Арнайы мамандарға ғана рұқсат. Егер қауырт шаруа шығып қалса, 109 нөміріне қоңырау шалып немесе stopkovid.kz сайтында өтініш қалдыру керек.
Ардақ Мұратқызы