Қостанай облысынан 30 млн жыл бұрын өскен ағаштың діңі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысынан 30 млн жыл бұрын өскен ағаштың діңі табылды

27.04.2021

Қостанай облысындағы темір рудасын өндіретін Қашар кен орнынан осыдан 30 млн жыл бұрын өскен ағаштың қалдығы табылды. Кісінің құшағы жетпейтін алып ағаштың діңі жақсы сақталыпты. Себебі жүздеген метр жер қыртысында жатып, уақыттың әсерімен тасқа айналған. Қашар кен орнының кіреберісіне қойылған есте жоқ ерте заманның жәдігерін тілшіміз Дәуренбек Әбдібек алғашқылардың бірі боп тамашалап қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Миллиондаған жыл жер астында жатып тасқа айналған ағаштың діңі осы. Оның ұзындығы 6 метр көлемінде. Ал діңінің жуандығы екі метрден асады. Салмағы шамамен екі тоннадай.

Қашар кенішінде темір рудасын өндіру үшін жер қыртысы теңіз деңгейінен 650 метр тереңдікке дейін қазылады. Мамандардың айтуынша көне дәуір жәдігерлері 100 метрдей төмен түскенде кездесе бастайды. Мысалы бұған дейін талай рет ағаштың ұсақ жаңқалары табылған. Ал бүтін, бұзылмаған діңі кен орнының тарихында бірінші рет ұшырасып отыр.

Александр Мальцев, кен орнының қызметкері:
Экскаватор машинисті оны карьердің солтүстік шығыс бөлігінде 150 метр тереңдіктен тапқан. Сосын өзінің тікелей басшыларына хабарлайды. Олар жұмысты уақытқа тоқтатып, көне жәдігерді арнайы техниканың көмегімен сыртқа шығарған.

Кен орнының геологы Георгий Иваненко ежелгі ағаш діңін алғаш зерттегендердің бірі. Жәдігердің болжамды жасы мен қандай түрге жататынына да әзір тек осы жергілікті мамандар анықтама беріп отыр.

Георгий Иваненко, геолог:
Біз өзіміз жәдігер табылған жер қыртысының жасы арқылы ағаштың жасын шығардық. Ал геология тарихына жүгініп оның қандай түрге жататынын болжадық. Бұл мұз дәуіріне дейін өскен гинкго немесе саквойя болуы мүмкін.

Қалай болғанда да бұл жәдігердің өте көне дәуірге жататыны анық. Ал оның жасы мен түрін нақтылау үшін палеонтолог мамандар тыңғылықты зерттеуі тиіс. Бірақ әзірге ешбір ғылыми орталық Қашардан табылған тас ағашқа қызығушылық танытпапты. Сондықтан кен орнының өзге де жәдігерлерімен бірге ашық аспан астында тұр. 2019 жылы осы кен орнынан 5 млн жыл бұрынғы балықтың тасқа айналған қаңқасы табылған. Кейін ол Алматы қаласындағы табиғат мұражайына қойылған болатын.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу