Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Сондай-ақ елімізде отандық QazVac вакцинасы көптеп салынып жатыр. Жалпы, бұл екпенің 50 мыңнан астам дозасы айналымға шығарылған. Соның 6 мыңы Елорданың емдеу мекемелеріне таратылса, қалғаны аймақтарға жіберілген.
Отандық вакцинаның тиімділігі 90 пайыздан жоғары. Бұл да «Спутник V» сияқты екі компоненттен тұрады. Еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институтында даярланған екпе коронавирусқа қарсы жоғары дәрежелі иммунитет қалыптастырғыш қасиетке ие.
Қарағандыға 4 мың доза отандық вакцина жеткізілген. Кеншілер қаласындағы №4 емханада осы препарат салынуда. Екпені алғашқы 160 адам алып үлгерді.
Олжабай Сүлейменов, қала тұрғыны:
Мен өзім 72-демін. Бізге үйге хабарласып айтқан болатын. Хабарласқан соң алайық деп шешім қабылдадым.
Павлодарда бүгіннен бастап автовокзал мен адамдар көп жүретін аумақтарда жылжымалы кешендер орнатылып, екпе салынуда. Өңірде 26 мыңнан аса адам, яғни, халықтың 5,9 пайызы короновирусқа қарсы екпе жасатқан.
Ерғалы Асылбек, Денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарды стратегиялық дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Облысымыз бойынша 138 екпен нүктелері ұйымдастырылған. Бүгінгі күнде 81-і жұмыс істеп тұр. Одан басқа 48 егу пунктері осы резервте бар. Одан басқа жылжымалы егі бригадалары ұйымдастырылған. Олардың саны 37.
Сондай-ақ, енді қазақстандықтар қытайлық Sinopharm екпесін де салдыра алады. «Самұрық-Қазына» шығыстағы көршімізден 1 миллион доза екпе алуға қаржы бөлді. Бұл 500 мың адамға жетеді. Бұған қордан 13 миллиардтан астам теңге жұмсалады. Сәуірдің соңына дейін елімізге 400 мың, ал мамырда 600 мың дозасы жеткізіледі.