Өскеменде мектеп мұғалімі қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде мектеп мұғалімі қайтыс болды

27.04.2021

Өскеменде мектеп мұғалімі қайтыс болды. Педагогтың өлімін оның туыстары мен әріптестері мектеп директорынан көріп отыр. Өйткені ол соңғы кездері басшылық тарапынан үнемі қысымға көріп жүргенін айтып, бірнеше мұғаліммен бірге құзырлы органдарға шағым жазған. Қадағалаушы органдар тексеруді енді бастағанда 38 жастағы келіншек қайтып кеткен.

Марқұм болған мұғалімнің әріптестері әлі күңге дейін көз жасын тия алар емес. Олар Әсем Нұрғалиевамен Өскемендегі № 5 орта мектепте бірге жұмыс істеген. Аға тәлімгер директор тарапынан қудалауға ұшырағанын үнемі айтып жүріпті.

Сәуле Бапинова, Өскемен қалалық № 5 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
Ол өзі қатты стресстен миым қайнап жүр, шыдай алмаймын деді. Қудалап, есімді шығарып бітті деді.

20 күн бұрын қайтыс болған мұғалім әріптесімен бірге құзырлы органдарға шағым түсірген. Білім саласындағы бақылау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мектеп директорының заңға қайшы әрекеттерін әшкерелеген.

Жұмабек Қамбетов, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары:
Барлық фактілер расталды. Атап айтсақ, бұл кісі тамыз айында жұмысқа тұрған. Сол кезде мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Сол кезде мектептің ауласын тазалау жұмыстарына тартылған. Аттестациядан өтуге қарсылық көрсеткен, мектеп басшысы және оның орынбасары.

Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директорына қатысты 6 әкімшілік іс қозғалған. Осы кезде шағым жазған Әсем Нұрғалиева ауруханаға түсіп, бір апта ес-түзсіз жатып, көз жұмған.

 Ғафура Дарабаева, Ә.Нұрғалиеваның нағашы апасы:
Дене қызуы көтеріліп, ОРВИ болғанда мидың ісінуі болады деді. Дәрігердің бізге алғаш айтқаны осындай диагноз болды. Ал енді менингит болған жағдайда, неге дәрігерлер ана мектепті жаппайды. Менингиттің өзі де жұқпалы ауру ғой.

Мектеп директоры дәрігерлердің өлім туралы анықтама қорытындысына сүйеніп, өзін айыпты сезінбейді.

Наталья Карпова, Өскемен қалалық № 5 орта мектеп директоры:
Ол минингиттен қайтыс болды. Бұл жұқпалы ауру. Ал мектептегі психологиялық ахуалды ауыр деп есептемеймін. Ешкімге қысым көрсетілген жоқ.

Осы жағдай бойынша қалалық білім бөлімі де тексеру жүргізген. Нәтижесінде мектеп директорын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ал қайтыс болған мұғалім бойынша құқық қорғау органдарында әзірге ешқандай іс тіркелмеген. Марқұмның соңында екі баласы қалды.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу