Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

27.04.2021

Үкімет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Мұнда Асқар Мамин агроөнеркәсіп кешені, көлік, туризм салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысты. Асқар Мамин 85 га аумақта салынып жатқан «Aktau Green House» жылыжай кешенінің құрылыс жобасын көрді. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі 26 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына қарай кәсіпорында 180-нен астам жұмыс орны құрылады, ал өндіріс көлемі жылына 8 мың тонна көкөністі құрайды. Екінші кезеңде – жұмыс орындарының саны 430-ға дейін, ал жылыжай кешенінің қуаты 13 мың тонна өнімге дейін ұлғайтылады. Премьер сондай-ақ жақында пайдалануға берілген «Ақтау Агро» құс фабрикасында болды. Кәсіпорын облыстың ішкі сұранысын 50% қамтуға мүмкіндік береді. Өнімнің бірінші партиясын маусым айында сауда сөрелеріне жеткізу жоспарланған.

Данияр Туршинов, «Ақтау-АГРО» ЖШС директоры:
Біздің фабрика жылына 5000 тонна құс етін шығарады. Бірінші кезеңде салқындатылған еттерді жөнелтеміз. Жобаны іске асыру барысында жергілікті жердегі 90 адамды жұмыспен қамтимыз деп жсопарлап отырмыз.

Үкімет басшысы халықаралық әуежайдан Ақтау курорттық аймағына дейінгі жолды реконструкциялау, республикалық маңызы бар «Жетібай – Құрық» автомобиль жолын күрделі жөндеу барысын, сондай-ақ өңірдегі басқа да автожол жобаларының іске асырылуын тексерді. Әрі Ақтау қаласының туристік инфрақұрылымының құрылыс алаңдары мен жалпы саны 600-ден астам нөмірі бар қонақ үйлерді аралады.Сондай-ақ Премьер-Министр «Ясин» медициналық орталығында болып, өңір тұрғындарын коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау барысымен танысты.

Нұрлыбай Аққұлов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
Соңғы жылдары жол құрылысы қарқынды дамып жатыр. Бұл жөнінде тиісті бағдарламалармен қатар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасының көмегі тиіп жатыр. Былтыр екі жолды тапсырдық республикалық деңгейде. Бейнеу-Ақжігіт және Жетібай Жаңаөзен. Жергілікті жолдарды тапсырдық.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу