Қостанайда жоқ пәтерлерді жалға береміз деп жұрттың ақшасын жымқырған интернет алаяқтар ұсталды. 18 және 19 жастағы қыз бен жігіт өздерінің құйтырқы әрекеттерін көпшілікке таныс сайттардың бірі арқылы жүзеге асырған. Олар сол жерге еліміздің бірнеше ірі қалаларында пәтерлер жалға берілетіні туралы жарнама жариялаған. Әрі жақсы жабдықталған баспаналардың суреттерін қоса жүктеген. Қызығушылық танытқандар хабарласқанда олардан алдын ала төлем сұрап, сұрағандарын алған соң нөмірлерін бұғаттап тастап отырыпты. Осылайша алаяқтар былтырғы қарашадан бастап күні бүгінге дейін 1 млн 500 мың теңге жымқырған. Қазір екеуі де ұсталып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды.
Сәбит Ибраемов, облыстық ПД киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі бөлім бастығы:
Жыл басынан бері барлығы 508 қылмыс тіркелді. Яғни интернет алаяқтық былтырғы жылмен салыстырғанда 56 процентке өсіп отыр. 28 іс сотқа жолданды. Басқа да ашылған істер бар. Бірақ оларға қатысты әлі де тергеу жүріп жатыр.
Дәуренбек Әбдібек