Біріккен Корольдік пандемияны еңсерді. Коронавирус инфекциясын зерттеген британиялық ғалымдар осындай байламға келді. Сараптауларға сәйкес жаппай вакцинацияның арқасында ковидттың симптомды түрі 90 пайызға дейін төмендеген. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бізбен байланысқа шықты.
Марина Бекенова, тілші:
Вирустың тарауы төмендеп, оны бақылауда ұстау мүмкін болып отыр. Жергілікті мамандар эндемияның пандемиядан айырмашылығы осы деп түсіндіреді. Елде екі доза вакцинациядан кейін симптомсыз инфекция 70 пайызға, симптомды түрі 90 пайызға азайып отыр. Карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннің өзінде осындай жетістікке жету мүмкін болды. Наурыз айында ковидттен емес деменция және жүрек ауруларынан қайтыс болғандардың саны көбейіпті. Бірақ мамандар арқаны кеңге салу әлі ерте дейді.
Сара Уокер, Ұлыбритания ұлттық статистика басқармасының бас маманы:
Мысалы AstraZeneca вакцинасының бір дозасы инфекцияның тарауын 65 пайызға, екі дозасы 90 пайызға дейін төмендетіп жатқаны өте жақсы жаңалық. Бірақ бұл 100 пайыз емес, демек вирус ешқайда кетпейді. Пандемиядан эндемияға көшсек те жағдайдың күрделенуіне әрдайым дайын болуымыз керек. Әлбетте, локдаунның пайдасы бар, бірақ ол экономикалық тұрғыда тиімсіз. Ең дұрысы вакцинация.
Марина Бекенова, тілші:
Бүгінде Англияда вакциналау жас ерекешеліктеріне қарай кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Кешеден бері 42-ден асқан адамдардың екпе алуға мүмкіндіктері пайда болды. Соңғы ресми деректерге сәйкес елдегі ересектердің 64,1 пайызы, яғни 33,7 миллион халық вакцинаның бірінші, ал 24,5 пайызы, яғни 13 миллиондай адам екеуін де алып үлгерген.