Ақтөбеде жасөспірімдер тағы да пышақтасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жасөспірімдер тағы да пышақтасты

30.01.2019

Ауыр жарақат алған 17 жастағы студент ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер шұғыл ота жасады. Оны жарақаттады деген күдікпен ұсталған адамның да колледж оқушысы екені белгілі болды. Бұл - соңғы 1,5 ай ішінде Ақтөбеде тіркелген төртінші жағдай.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жарақат алған 2001 жылы туған гуманитарлық колледждің оқушысы. Ол кеше түстен кейін сабаққа кешігіп баратынын тобындағы студенттерге ескерткен. Алайда, ол білім ордасына жете алмады. Колледж басшылығы баланың жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенін кешке туыстарынан естіпті.

Гүлбаршын Жиенқұлова, Ақтөбе гуманитарлық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Туысқандары барды, өзіміздің мұғалімдер де барды. Жақсы оқиды, белсене қатысады. Олимпиадалардың жүлдегері. Сабақтан себепсіз қалмайды.

Жасөспірімнің іші мен аяқ-қолдары жарақаттанған. Абырой болғанда, пышақ тереңдеп кірмепті. Қазір жағдайы қалыпты, палатаға шығарылды.

Сағидолла Досмағамбетов, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Далада жарақат алған. Түскен кезде балаға медициналық көмек көрсетілді. Қазір жағдайы ауыр емес. Түскен кезде операция жасадық.

Білім басқармасындағылардың сөзінше, бұл қылмысқа күдікті ретінде «Болашақ» колледжінің оқушысы ұсталған. Бұл білім ордасынан бізге қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.

Осылайша өңірде жасөспірімдердің жүгенсіздігі тыйылмай тұр. Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, ұсталған баланың да жасы 17-де. Қазір адам өміріне қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары басталды.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу