Отандық вакцинаны 7 жарым мыңға жуық адам салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық вакцинаны 7 жарым мыңға жуық адам салдырды

28.04.2021

Отандық вакцина вирустың мутацияланған штамдарына төтеп бере алады. Бұл екпені ойлап тапқан ғалымдардың пікірі. Кешеден бері елімізде QazVac-ты салдырғандар саны 7 жарым мыңға жуықтады. Олардың арасында қандай да бір қарсы көрсеткіштер байқалмапты. 

Елдің бас санитары Айжан Есмағамбетова отандық вакцинаны таңдайтынын бұған дейін де айтқан. Бүгін елордадағы емханалардың бірінде Казвактың алғашқы компонентін салдырды.

Елорда тұрғыны Арайлымның да таңдауы QazVac-қа түсті. Бүгін таң ата келіп екпе салдырған. Кері әсер байқалмапты.

Арайлым Нұрманқұл, қала тұрғыны:
Менде айтарлықтай симптомдар болған жоқ. Бірақ 3-4 күндей қолың ауырады деді. Отандық ғалымдардың өнімдерін бағалағандықтан Қазақстанда жасалған екпені алдым.

 Бұл емханада екпе салдырғандар саны 4 жарым мыңнан асқан. Алғашқыдай емес, қазір келушілер саны күннен күнге артуда.

Шәһизада Сақташқызы,   №10 қалалық емхана директорының орынбасары:
Бүгінгі күнге берілген бізге 300 доза, егу басталды. Халықтың өзінің таңдауына байланысты. Осы күнге дейін 20 адам алды. Таңдау бар. Сұраныс та бар.

QazVac-тың құрамы өзгеше. Химиялық жолмен өлтірілген вирустан жасалған. Ағзаға титтей де зияны жоқ. Андидене көлемі жоғары деңгейде түзіледі,-дейді мамандар. Ал сақталуы мен мөлшерінде айырмашылық бар.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сақталуында айырмашылық бар. Мәселен, Спутник мұздатқышта тұрады, Ал QazVac +2 градуста сақтауға болады. Спутникте бір флаконды 5 адамға бөлсе, мұнда бір доза бір адамға салынады.

 Өзге екпелер тәрізді бұл да жүкті әйелдерге, емізулі баласы бар аналарға, ауыр аллергиясы бар адамдарға және 18-ге толмағандарға салынбайды. Екпеден кейінгі әсері де ұқсас. Яғни, дене қызуының көтерілуі екпе орнының ауырсынуы мен әлсіздіктің болуы қалыпты жағдай.

Ерғали Әбдірайымов, биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
Бүгінгі алғашқы нәтижелер бойынша біз айта аламыз, шетелде өндірілген вакциналардан кем емес. Сол қатарда сол деңгейде болатынына сенім бар.

Отандық вакцинаның 50 000 дозасы аймақтарға таратылды. Ай соңына тағы 50000 дозасы әзірленбек. Ал қыркүйекке дейін 2 млн құты өндіру жоспарланған.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу