Қандаланы улаймын деп, баланы өлтіріп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қандаланы улаймын деп, баланы өлтіріп алды

30.01.2019

Ақтауда тұрғындардың салақтығынан бір үйдің үш баласы зардап шекті. Зиянкестердің көзін жоймақ болған пәтер иелері көршілеріне ескерткенін айтады. Алайда, оқиғаның соңы 6 жастағы баланың өлімімен аяқталды. Бұл - осымен өңірде болған екінші қайғылы жағдай.

6 жастағы бала есін жимастан ауруханада қайтыс болды. Денсаулығы нашарлаған екі бүлдіршінді дәрігерлер ажал аузынан аман алып қалды. Эпидемиологтар қайғылы оқиғадан кейін тұрғын үйге барып, бірнеше сынама алған.

Жадыра Тілеубергенова, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

- Баланың денесі судмедзертханаға берілді. Ол бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 3, 4 жастағы сол үйдің балалары ол кезде жағдайы орташа деңгейде болған. Қазіргі таңда жағдайы жақсаруына байланысты үйлеріне қайтарылды. Біздің тарапымыздан тексеру жұмыстары жалғасуда.

Тұрғын үйдегі екі пәтердің иесі сол күні қандаланы қырмақ болған. Соңғы оншақты жылдан бері үйді зиянкестер жайлап алған көрінеді.

Айгүл Дадабаева, тұрғын:

- Мына көршім улайтын болады. Соның алдын алу үшін, менің үйіме кіріп кетпеуі үшін мен бірінші улатамын. Арнайы адамын шақыртып. Компания өкілдері кеше қағаздарын, сертификаттарын көрсетті. Бәрі заң жүзінде 2009 жылдан бері айналысады екен. Улайтын адам бәрін қарады, тексерді. Асты-үстіндегі көршілеріме ескерткенімді бәрі көрді. Айтып кеттім, улайын деп жатқан күнімді айттым.

Екінші пәтердің иесі «Квикфос» препаратын базардағы дүкеннен сатып алған. Дәріні ол екінші рет қолданғанын айтады. Алғаш рет 6 ай бұрын пәтерін улаған. Сол кезде нәтиже беріп, қандаладан құтылғандай болыпты. Алайда, осыдан бірнеше күн бұрын қансорғыштар қайта қаптап кеткен.

Майра Нәлібаева, тұрғын:

- Мен жолдағы біреуден сатып алған жоқпын. Дүкеннен алдым. Үйге келіп, жасадым. Сосын 3 күннен кейін келсем, мынадай хабарды естідім.

Екі ай бұрын ғана Ақтауда қандаланың уынан 5 адам уланып, екеуі қаза тапты. Сорақысы, сол кезде де «Квикфос» препараты қолданылған. Бұл іс әлі тергеліп жатыр. Ал, соңғы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу