Жерге қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерге қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды

29.04.2021

Сенат жерге қатысты заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Өйткені, жоғарғы палата кейбір нормалармен келіскен жоқ. Депутаттар ауыл шаруашылығы жерлерінен бөлек, орман өсіру ісіне де тек қазақстандықтар қатыса алуы тиіс деп отыр. 

Орман шаруашылығына қазақстандықтардан басқалары ортақтаса алмайды. Қазір ел бойынша жеке орман иеленушілерінің саны - 8. Жалпы аумағы – 1031 га. Бәрі өз азаматтарымыз. Бұдан былай да өсіріп, баптауға отандастарымызға ғана рұқсат беріледі. Заң жобасының тап осы тұсына жоғарғы палата өзгеріс енгізіп, құжатты Мәжіліске қайтарды.

Әкбәр Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры:
Оны қайтарған себебі, орман өсіру үшін шетелдіктерге беруге болады деген өзгеріс енгізген болатын. Бізде сол ұстанымды қолдаймыз. Өйткені, жер ешқандай себеппен шетелдіктерге жалға да, сатылуға да тиісілі емес. Орман өсіру үшін деп беру олда қате. Біздің қазақстандық азаматтарда сол орманды өзгерте алады. Біздің ұстанымымыз сондай. Сондықтанда Сенаттың қайтарғаны дұрыс.

Жердің қайырын өзі де көрмей, өзгеге де көрсетпей отырғандар жетерлік. Олар енді алқаптардан бас тартуға мәжбүр. Өйткені, салық 10-нан 20 есеге бірақ ұлғаяды. Тексеру мерзімі де жиілейді. Себебі, малы болғанымен, жайылымы жоқ шаруалардың жанайқайы жиі естіледі. Пайдаланылмай жатқан осындай жерлерді жылдам қайтарып алудың механизмі қарастырылуда.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылау жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту мерзімін заңнамалық механизмі әзірленуде.

Ал осыған дейін шетелдіктерге жалға берілген алқаптардың барлығы мемлекетке қайтарылады. Қазір 74,4 мың гектар аумақты шетелдік қатысуы бар жеті заңды тұлға жалға алып отыр. Олардың мерзімі 2025 жылға дейін аяқталады. Одан кейін ұзартылмайды.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
Жобада Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының мүшесі немесе акционері болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған. Жалпы, бұл заң жобасы, ең алдымен, халқымыздың және мемлекетіміздің мүдделерін қорғайды.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Сонымен, Сенат заң жобасының негізгі тұжырымын мақұлдады. Ал кейбір нормаларға қатысты өзгерісті қосып, құжатты Мәжіліске жолдады. Осылайша, жер тағдырына қатысты мәселе мұқият қаралып жатыр.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу