Түркістан облысында жұрт екпе алу үшін жаппай кезекке тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жұрт екпе алу үшін жаппай кезекке тұрып жатыр

29.04.2021

Түркістан облысының Келес ауданында жұрт екпе алуға жаппай кезекке тұруда. Вакцина салдыртуға ниет білдіргендер көбейген соң, екпе пункттері емханадан бөлек, тойхана ғимратында да ашылды. Күннің қырық градус ыстығына қарамастан жұрт отбасымен келіп, вакцина қабылдауда.

Келес ауданының орталығы Абай ауылының 80-ге жуық тұрғыны бүгін таңсәріден тойхана алдына жиналды. Олар той тойлауға емес, екпе алуға келген. Бахтияр Қожабеков бүгін екпе салдыртуға жұбайы мен баласын ерте келіпті. Былтыр індетке шалдығып, біраз ауыртпалықты бастан өткерген азамат осы жолы сақтануды жөн көрдім дейді.

Бахтияр Қожабеков, Абай ауылының тұрғыны: 
Дүниежүзі бойынша эпидемия жайылып жатыр. Біздің Қазақстанда да эпидемия қанша облыстар «Қызыл» аймаққа енген. Осыны болдырмас үшін жұбайыммен, отбасымызбен келіп екпе салдырып жатырмыз.

Ақпан айынан бастап аудан тұрғындарына 4460 доза екпе салынған. 5 медициналық пункт арнайы жабдықталған. Ал шалғай ауыл тұрғындарына 20-дан аса жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Олар таңғы сегізден түнгі 12-ге дейін елді мекендерге барып, вакцина салады. Арнайы топ бүгін Мақташы ауылына да келді.

Роза Әбілқасымова, Мақташы ауылының тұрғыны:
Өзіміздің жолдастарымыздың, туған-туыстарымыздың арасында, өзімде барлығымыз бір-бір рет ауырып тұрдық. Сол уақытта дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болды. Сол себепті мемлекет бөлген вакцинаны салдырамыз деп келіп отырмыз.

Жуырда ауданға отандық вакцина жеткізіліп, оны елу адам қабылдап үлгерген. Осылайша күніне 600-ге жуық тұрғын   QazVac пен Спутник V вакцинасын алуда. Мамандар 2-ші мамырға дейін тағы 2200 доза екпе жасамақ.

Ақерке Медетбек, дәрігер:
Халықтың белсенділігі өте жақсы. Олар өз еркімен, ешқандай мәжбүрсіз түрде келіп, вакцинаны өз қалауларымен алуда. Тіпті қарт адамдар, 65 жастан асқан адамдардың өзі өз қалауларымен келуде. Кейбір адамдар топ-топ болып, өзінің отбасымен вакцинаға келуде.

Жалпы Түркістан облысы елімізде екпе егуден көш бастап тұр. 1-ші ақпаннан бері өңірде вакцинаның бірінші компонентін 82 мыңнан аса ал, екіншісін 21 мың адам салдырған.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу